ШЫДА ЖҮРЕК, ЖАСА ЖҮРЕК
Шыда, Жүрек, көңілге қауіп түйген,
Жарым едің өз теңін тауып тиген.
Шыда, жаным, азырақ...
Жүрек ең ғой
Кеуде дейтін керемет сауыт киген.
Достар да аман, ел де аман жүрсің дейді,
Қара жүрек тас қана күрсінбейді.
Бұлқынардай, жаным-ау, саған не жоқ,
Өзге жүрек жай ғана дүрсілдейді.
Шыда, Жүрек, қайда әлгі даналығың,
Қалмапты әлі байқасам балалығың.
Асықпағын...
Өмірден үйрен деп пе ем
Сайтандардың сабалақ шалалығын.
Бір сөзімді менің де қабылдағын,
Ағат кетсем бірақ та бағынбағын.
Ұйқы қашқан адамда береке жоқ
Шыда Жүрек...
азырақ дамылдағын.
Торда үнемі ойлама ұстайды деп,
Кездерің көп ұшатын құстай түлеп.
Сендей ұлы Жүрекпен кім айтады,
Кең әлемді қапсырып құшпайды деп.
Торда үнемі ойлама ұстайды деп.
Алма бетін ұн жағып қылаңдаған,
Сезімдерді тулатып ылаңдаған.
Сені алуға бірінші ұмтылады,
Түлкі құйрық қыздар да бұлаңдаған.
Жүрсем сені мен әлі жандырам деп,
Қияға сап сусынын қандырам деп,
Ойлайды екен бұзықтар ұрып,соғып
Талма тұстан Жүректі талдырам деп.
Құбыланың соққанда желі тездеп,
Қасіреттің аққанда селі тездеп,
Капландар өмірде жоқ деймісің
Сені ататын бірінші, сені көздеп.
Бәрі де бар...
Бәрі де кездеседі,
Шалмақ болып алдыңнан жел де еседі.
Атам қазақ “сүйектен өтетұғын
Таяқ емес мір оғы – сөз” деседі.
Байқа, Жүрек, демегін мен тірі еді,
Аяғыңды аспаннан келтіреді.
Қаскөйлігі емес пе
Етегіңді
Абыройыңды ашсам деп жел түреді.
Шыда, Жүрек, өмірмен ойнамағын,
Жеңілем, жеңем деп те ойламағын.
Өмір деген тұңғиық түпсіз теңіз
Аяқ жетпес тереңге бойламағын.
Шынығарсың сен әлі топқа түсіп,
Арман құсың жүр әне топтап ұшып.
Түнеу күні тынымсыз бір баланың
Көрген жоқ па ең өлгенін отқа түсіп.
Жан ұшыра шырылдап шырқыраған,
Даусын естіп сәбидің қыр құлаған.
Сонда деймін ей, Жүрек, білемісің
Сай-сүйегің сенің де сырқыраған.
Жер сілкінтіп, тау-тасты, жалды қозғап,
Алпыс екі тамырдан қанды қозғап,
“Шыныменен кеттің бе жалғызым” деп,
Боз інгендей анасы қалды боздап.
Сен деп қана, ей, Жүрек, сенделемін,
Жанарыңнан қаптаған сел көремін.
Екеу болсаң қайтемін арпалысып,
Жалғызым ең, ей, Жүрек, сен де менің.
Жаса Жүрек!
Өзіңмен ел көгерген,
Қанатыңнан айналдым өрге керген.
Боз інгендей қалмайын боздап, бірақ
Ана құсап жалғызын жерге берген.