ЖҮРЕГІМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Көз жасымды сіңіріп жерге тамған,
Менің жетім күндерім елде қалған.
Алматыда алды кең аға атандым,
Қос самайын ақ қырау ерте шалған.
Мұң кетпеді бірақ та қабағымнан,
Асым кейде өтпеді тамағымнан.
Жүрегімнің көз жасы жерге тамды
Үзілгенде қызыл гүл сабағынан.
Балтырымда тісінің ізі қалған,
Кімге қарап үрмеді күшік – жалған.
Жүрегімнің көз жасы жерге тамды
Үмітімді көргенде үсік шалған.
Қайғы жоқ деп ойлама бұл ағаңда,
Сайран салып жүрмедім нұрлы алаңда.
Жүрегімнің көз жасы жерге тамды
Арманымның ақ шыңы құлағанда.
Ғұмыр кешіп жүрсем де көңілді елде,
Бұлттанады кейде ашық көгім демде.
Жүрегімнің көз жасы жерге тамды
Асқақ рухым тірідей көмілгенде.
Жайшылықта арқасын кеңге салған,
Еркек қанша бұл күні белден қалған.
Қыршынынан бір боздақ қиылғанда,
Жүрегімнің көз жасы жерге тамған.
Бақыт қонсын, қонбасын өз басыма,
Болашақта, кім кепіл, тозбасыма.
Кең дүние тұрғандай көрінеді
Жүрегімнің малшынып көз жасына.