08.03.2022
  169


Автор: Абдрахман Асылбек

Асқақ арман

Асқақ арман, аңсаған үміт әнім
Қалай ғана мен сені ұмытамын?
Жанарыңның жарқ еткен жалынына
Жабырқаңқы жанымды жылытамын.
Асқақ арман, аңсаған ақ маңдайлым,
Бақытымды өзіңмен тапқандаймын.
Көңіліме зәредей қаяу түссе,
Қабырғама батады батпан қайғың.
Асқақ арман, аңсаған ай қабағым,
Қазығыңа арқан боп байланамын.
Дөңгеленген сен Жердің өзі болсаң,
Серігің боп мен сені айналамын.
Асқақ арман, аңсаған ақтамағым,
Жыр ағынын алдыңда ақтарамын.
Шабыт алып өзіңнен, бағыт алып,
Ғасырларға келешек аттанамын.





Пікір жазу