04.03.2022
132
Өмір туралы ой
Отын жағып үміттің,
Алаулап таң атады.
Бір орыннан шығып күн,
Бір орнына батады.
Сенім оты суымай,
Арман таңы атады.
Бір орыннан туып ай,
Бір орнына батады.
Нұрын төгіп шың-құзға,
Зеңгір көктің шырағы –
Жарқыраған жұлдыз да
Бір орында тұрады.
Жүрегіңе жыр кұйып,
Жайқатылған баулар да;
Тілсіз, үнсіз тұңғиық
Тұра берер таулар да.
Түссе түннің түнегі,
Таң келеді қайтадан
Балбұлақ та үнемі
Бір қалыпты айтады ән.
Ақиқатқа нанасыз,
Күйін, мейлі күйінбе.
Хайуандар да санасыз
Қала берер күйінде.
Зыр айналып бұл заман
Бір қалыпта заулайды.
Осылайша бұл ғалам
Бір қалыптан аумайды.
Тек адамның санасы
Бағынбайды заңға бұл.
Жалған Жер, Көк арасын,
Уақыттан алда жүр.