Жүрек дауасы
Аурухана бөлмесінде
Жатыр жігіт, жатыр сұлық.
Арман толы кеудесінде
Ақырғы дем, ақырғы үміт.
Сұрғылт тартқан реңіне
Дәрігер қыз үңіледі.
Құлақ тосып жүрегіне,
Әлде неден түңіледі.
Ақтық рет жас қаны ойнап,
Асау жүрек тоқтайды ма?
Әлде... әлде басқаны ойлап,
Бұл қыз үшін соқпайды ма?
Қыз қолында ине-сауыт,
Көзінде жас мөлдірейді.
Бірде үміт, бірде қауіп,
Ет жүрегі елжірейді.
Болып әбден әбігерлі,
Күнде келіп, дәрі берді.
Жігіт сөзден қалып енді,
Ауру бетін әрі берді.
Дәрігер қыз тілегіне
Ауру жігіт оңалмады.
Дертті болған жүрегіне
Дәрі шипа бола алмады.
Аурухана бөлмесінде
Жатыр жігіт, жатыр сұлық.
Арман толы кеудесінде
Ақырғы дем, ақырғы үміт.
Таусылды ғой барша амалы,
Ажалдың шын жеткені ме?
Қайда, қайда аңсағаны?
Илікпей-ақ кеткені ме?
Көңіл шіркін алай-түлей,
Бірде сеніп, сенбейді де.
Қара бұлттай қамайды үрей:
«Шынымен-ақ келмейді ме?..».
Дертке дауа жыр жазып мол,
Ақтарғандай жүрегінен,
Кенет...
Кенет бір нәзік қол
Сипады кеп білегінен.
Көзін ашып алған кезде,
Тұрды алдында аңсағаны.
Арайланып арман лезде,
Болды ескендей таң самалы.
Қыз да күнде келе берді,
Күлкісі ем, дауа болып.
Жігітке ажар ене берді,
Ауру алыс ауа қонып.