24.02.2022
  151


Автор: Абдрахман Асылбек

Қосылу

Қыз бен жігіт жылады қосыларда,
Қосылудан қос жүрек шошынар ма?
Қайран болып басқалар қала берді
Не жетпейді екен деп осыларға?
Өздерінше әркім-ақ ойлап тұрды,
Жеңіл қарап біреуі, ойнап тұрды:
«Жатқан болар қоштасып жылап-сықтап,
Күндерімен қызықты бойдақ күнгі».
Мүлде өзге жорыды енді бірі:
«Ата-анадан бөлінер келді күні.
Балалықтан кетерде кісілікке,
Еткен болар көз жаспен белгі мұны...».
Әйтсе-дағы ешкім нақ ұға алмады,
Ойларынан дөп басып шыға алмады.
Осындай бір қуаныш той үстінде
Қыз бен жігіт солқылдап тұра алмады.
Қыз жылады жігітті сүйгені үшін,
Махаббаттың отына күйгені үшін
Тәңіріне тамшы жас тарту етті,
Адамына аңсаған тигені үшін.
Жігіт болса жылады арманы үшін,
Тамылжыған тамаша таңдары үшін.
Өміріне балаған адамының
Құшағында «құл» болып қалғаны үшін.





Пікір жазу