08.02.2022
  158


Автор: Шәмшия Жұбатова

Ана жүрек


(дастан)
Жазира күн тағы да жалғаса ма,
Силай көрші, тәңірім, жанға сана.
Шаңқай түсің шалқайып шіренбесе,
Уқалай сап кірпігін, таң қаша ма?
Тұра тұрсын алтын таң, асықпасын,
Қараңғы түн, сен әлі қашықтасың.
Көріп жүрген құқайың аз емес-ау,
Көңіліңді ол, бірақ, жасытпасын.
Менің қызық күндерім қырық бұрым,
Арт жағына қарады тұрып бүгін.
Сол жағымда аппақ боп ай туыпты,
Оң жағымда жадырап тұрыпты күн.
Көктем жетсе қуалап көбелегін,
Қарай бергім келеді неге менің?
Жаны соқыр адамдар көре алмайды
Мынау ғажап тірліктің көк әлемін.
Бозторғайы боз таңның шырылдаған,
Неге ұзақтау аялдап бұрылмаған?
Осы сұлу өмірдің салтанаты
Тілсіз қатып қарайтын бұрын маған.
Теперішті тебемін тепкішектен,
Шыдамымның шырылы жетті шектен.
Шілде күтіп шегіртке шарқ ұрғанда,
Өз көктемін тосумен көп қыс өткен.
Шілде күтіп шегіртке шырылдаған,
Үнсіз ғана тұратын бұрын ғалам.
Тау басына шықтым да, көп қарадым
Өзен көрсем мен жаққа бұрылмаған.
Кемпірқосақ құбылса көкті керген,
Тізе қосты үмітім тектілермен.
Көкірегімді кептерім тарсынды ма,
Қалықтатып қанатын өтті бермен.
Қызғалдақтың тұғыры қырқаларда,
Аспан керек сұлу ән шырқаларда.
Телегейлі теңіздің төсіндегі
Толқындары толқиды бұрқанарда.
Ауа керек дыбысқа алқымдаған,
Дауа керек көңілге салқындаған.
Шын қуанып қалар ем, ізгіліктің
Суретке сап әкелсе қалпын маған.
Жабығудан қашады жан құштары,
Күннің көзін тосады қар қыстағы.
Аппақ туын көтеріп шығады әлі
Азаматтық елінің арлы ұстамы.
Желкілдеген жасылдың құрағында,
Біле білсең, керемет сыр ағуда.
Өзен мен көл, телегей теңіз біткен
Түсу керек қосылып бір ағынға.
Жабырқауға болмайды, жасқануға,
Басқа таңба түскенде басқа құмға.
Батпырауық биіктеп ұшса деймін,
Туған елдің тұңғиық аспанында.
Арал едім мен де бір түбектегі,
Мекендерге асықтым гүл еккелі.
Жетім ойды жылатып қуып шықтым,
Жүрегімді жеткенде жүдеткелі.
Таңғы шықтар жылтырап құрақтағы,
Жылымықтар жөңкіліп жырақтағы,
Тауға келді маңдайын соға жаздап,
Мендік биік арманның мұраттары.
Қанаттарын қыранның сұра менен,
Алқаракөк аспан ғой бірақ әлем.
Жолға шыққан адамдар, бұрылыңдар
Жарық жағып тұрғанда шырақ-өлең.
Топастықты көргенде, таптауырды,
Менің әзіз жүрегім қатты ауырды.
Кеудем іші жылымай қалады ылғи
Суықтықты сезгенде жат бауырлы.
Ұлықтағым келеді ұлылықты,
Ғұмыр бойы іздедім жылылықты.
Әділдікті қақ жарып айтқан кезде,
Туралықтың шығады үні мықты.
Көлбеп ұшты ақ кеме көк теңізде,
Шағаласы шалқыды жеткен ізде.
Өкінбеңіз өмірге, жыламаңыз,
Өксік келіп кептелсе өкпеңізге.
Бірақ өмір қалайша жылатпасын,
Адамсың ба – мәңгілік сынақтасың.
Таңға қуан, келетін кешке қуан,
Тізе бермей тірліктің күн, аптасын.
Жарқыраған жанымның шамшырағы,
У жұтқызған өмірден бал сұрады.
Ағын сулар асығып сарсылады,
Арналардың алқымы аршылады.
Сағыныш бар күздегі сары суда,
Сезімдері өзімен жарысуда.
Үнсіздікті үлгі еткен мылқау ғалам
Кенет неге толады бәрі шуға?!
Қуанамын шөп көрсем желкілдеген,
Жұбанамын жан көрсем елпілдеген.
Көп қамыққан мендегі қайран жүрек
Таң боп қарап, өтсе-ші елтуменен.
Бақыт берсең, жаратқан, аспанды бер,
Мейлің, мені табалар, тастанды дер.
Орта жолға лақтырып кете алмайды
Жаһаннамның қақпасын ашқан жігер?!
Барлық қақпа ашылсын, сартылдасын,
Мендік болмыс көрсетсін бар тұлғасын.
Сапарларда тосылып қала көрме,
Қосылғанда қарқының қарқынға шын.
Жібек жылға жеткенде жылжып ағып,
Ойда жоқта қаламын мың жұбанып.
Ошағының басында Отан деген
Жүрген жанды жек көрем тым жыланып.
Сапарласым, тосылып қала көрме,
Аппақ таңдар жетеді қара белге.
Шырқалмаған әндерден теріс айнал,
Шақырмаған ауылға бара берме.
Ойсыздықтың елінде жабырқадым,
Даналықтың елінде таңырқадым.
Жарылқауға жеткенше Жаратқаным
Жалғаса бер, аман бол, жан ұрпағым!
Жүрегіңде, ей досым, қыс қалмасын,
Сен, өйткені, ғаламат ұстамдасың.
Қанаттарын қапысыз қалам қылып,
Ауаларда сызады құс таңбасын.
Қанаттарын құс кетер қалам қылып,
Қалам қылса, қалады ғалам күліп.
Тағдыр желі аяусыз ұшырса да,
Тектілікке керегі табандылық.
Тастан ауыр бір жүк бар жүрегімде,
Гүл егуге болады, нұр егуге.
Қоқыс елі қопырап күн кешеді
Жарқылдаған өзінің күрегінде.
Қоқыс елі қопырап күн кешеді,
Қара бұлт боп аспанда мұң көшеді.
Жетесіздің жүрегін дәл көздеген
Мен ризамын өзіңе, үн кесегі!
Талықсыған тамызда тағдыр әні,
Жаңғырық боп қайтадан жаңғырады.
Әз арманын тамшы қып айтып жатыр
Басылуға асықпай жаңбыр әлі.
Жайық бара жатқанда жылап ағып,
Оның жанын ұқпады мына халық.
Қайран ата-бабамның тектілігі
Тереңдікте тыншыған тұна қалып.
Қайран ата-бабамның тектілігі,
Тектілігі тебіліп өтті күні.
Тебілумен мәңгілік өтер еді,
Махаббаты тірілтіп кетті мұны.
Алаң болған күндер-ай, арпалыста,
Қала көрме, әйтеуір, қалтарыста.
Жүк түскенде кеудеңе, пенделердің
Бәрі дайын тұрады жалтарысқа.
Адамдар бар жанына мұң түспеген,
Мұң түспеген жандарға күн түспеген.
Қайран тірлік құлпырып тұрған жоқ па,
Қас-қағымда құбылып мың түспенен?
Күнге жақын тау көрдім қар тығулы,
Жаратпайтын секілді ол артық үнді.
Атып ұрсаң, алысқа кете аласың
Тынысыңды тарылтқан бар тығынды.
Шаңқай түсім жеткенде шалықта, күн,
Жөн болады өзіңді танытқаның.
Қарлығаштай қанатым күйгенімен,
Бауырыңда алаңсыз қалықтадым.
Шаңқай түсім жеткенде шалықта, күн,
Ақ-қараның айқында анық мәнін.
Шаттығыммен шалықтап өмір сүрдім,
Жасықтардың жек көрдім жалыққанын.
Ана көңіл дүние толғанады,
Тіршіліктің өйткені сонда мәні.
Тежеуі көп өмірде толғана алсаң,
Жаратқанның жолыңды оңдағаны!
Бір күнгі өмір – ойласаң, жарты ғасыр,
Кетеді айтып, себебі, артына сыр.
Сарқырама тұрғанда жүрегіңде,
Сен қалайша, жаным-ау, сарқыласың?!
Сарқырама, бөгеме, сарылдасын,
Ағысында тұрғанда арын басым.
Өз елінде ұландар қалса деймін,
Жатқа беріп жібермей қарындасын.
Тар көкірек қаншама тарылмасын,
Кемімейді, қуанам, жарым жасым.
Төңірегім мейірімге толады әлі
Атқылаған ақ будан арылғасын.
Ана көңіл, сен енді көп толғанба,
Қайтер едің тапқаның жоқ болғанда.
Сүйенішім серік боп жанымда жүр,
Сүрінгенде, немесе тоқталғанда.
Арман жырын айта алмай ақ қарағай,
Жапырағын сілкіді баққа қарай.
Жүрегімнің түбінен шыққан сынды
Төңіректе жадырап жатқан арай.
Уайымды айтпа, Арқаның қайыңдары,
Күннің бары қуаныш, айың бары.
Жайық келіп лықсыды жағажайға,
Толқындары өксіді, жайылды әрі.
Қауызында ашылған гүлдің әні,
Құлағында қалады жылдың әлі.
Сызылады кеңістік келбетіне
Мизам ойдың жібектей мұңды мәні.
Тұғыры көп тірліктің тұрақтаған,
Тақ болып ол көрінді бірақ маған.
Шамшырақтың шырайын шыр айналып,
Шырылдайды шымшық боп шырақты алаң.
Күрсінісін сездірмей күннің лебі,
Жарығымен жанымды тілгіледі.
Риза болмау өмірге мүмкін емес
Осыншама ғажайып үлгідегі.
Күнге ынтықпын, ғашықпын жарыққа мен,
Көлеңкеде көбірек тарыққан ем.
Жетісудың жәнаты алып кетті
Сулар ағып жатқанда арықпенен.
Ах, жүрегім, таңдайың тақылдасын,
Ие алмайды ешкімге ақын басын.
Көлеңкелер қашқалы қанша болды,
Күнгей ғұмыр тағы да жақындасын.
Жамырама, табиғат, ақшам келіп,
Кетіп бара жатқандай тақ сан кеміп.
Жұптың жұбы жазылмай өтсе деймін,
Бақыт нұры тұрғанда бастан көміп.
Көктем қалса кептеліп жүрегіңде,
Адамзаттың тұрғанда нұр өңінде,
Толқындарын жөңкітіп шартарапқа,
Тұңғиыққа түпсіздік тірелуде.
Менің жаным өзгелеу басқалардан,
Басқа қылған өзгеден асқақ арман.
Құлдиламай қарлығаш құлшынады,
Көтеріліп кеткенде аспаны әрман.
Құлдиламай қарлығаш құлшынады,
Құлшынуға асығып тұр шыдамы.
Аспан жаққа жетуге аптығады
Бұлттан жаңбыр сұраған бүршік әні.
Беймезгіл сәт қақпасы тарсылдаған,
Арманымды аяшы аршылмаған.
Бақыт гүлін силады бақтар түгел,
Бақыт жырын жырлады бар шың маған.
Менің жеткен жеңісім сәнді үмітте,
Менің әнім қалады мәңгілікте.
Тайға түскен таңбадай өзім салған
Жер бетінде ап-айқын қалды нүкте.
Қолға ұстатпай кетті ғой Күн тұрағы,
Күн тұрғанда дүние құлпырады.
Егіп барам артыма егіз шыбық,
Мен кеткенде артымда кім тұрады?!
Егіп барам артыма егіз шыбық,
Аялаймын жып-жылы лебіз шығып.
Қолбала боп кеткенде қор болар ем,
Көмейімнің астында теңіз шіріп.
Мұндай әнді мендей кім айта да алар,
Кемеріне толады, қайтады Арал.
Даңғарасы даңғойдың ұмыт болды,
Құшағымды ашқанда айқара бар.
Сағыныштан сен-дағы сарсылмағын,
Ең керегі – бар мұңнан аршылғаның.
Жетегіңе ал, сапарда алға сүйре,
Тынба, жүрек, тоқтама, тарсылдағын.
Қуанамын жұпарын шашқан бақта,
Болашағым өрледі баспалдақта.
Қайран туған жерінің саз балшығын
Қара бауыр іздейді қасқалдақ та.
Қаскөй жандар туады қай анадан,
Жақсылыққа құшағын жаяды адам.
Саған алғыс айтамын, туған елім,
Алақанда ақынын аялаған.
Көктем күліп келеді, көресің бе,
Көктейді ол да сананың өресінде.
Адамдықтың кітабы жазулы тұр
Адалдықтың тап-таза сөресінде.
Байғұс ақыл сұрамас ғұламадан,
Кейде қызық көрінді мына ғалам.
Шыдағандар сынаққа шыңға шықты,
Шыңырауға құлады шыдамаған.
Адам болу қиын ғой бұл заманда,
Пенделіктен басталды зілзалаң да.
Тәубасы жоқ тасырлық тасынып тұр,
Арқар артық көрініп құлжадан да.
Тәубасына пенделік келер емес,
Тағы, тағы басталды нелер егес.
Өлермендік ұмтылды өршеленіп,
Күн мен Айды өзіне теңер емес.
Айтып қара турасын, басыңды алар,
Жарқылдаудың бағы тек Жасында бар.
Қырман жақта қып-қызыл бидай ақты,
Бидайықтың танылды қасында олар.
Ашылады құлашым, ашылады,
Телегейлі көк теңіз тасынады.
Ештеңеге өкінбе, бойың жина,
Ғаламат қой ғаламның ғашық әні.
Жазылады қанатым, жазылады,
Іздеумен жүр жап-жасыл жазын әлі.
Басқа ауылдан іздеме, адасасың,
Түкпірімнен табасың қазынаны.
Сермеледі қанатым, сермеледі,
Қандай жақсы бұлттардың тербегені!
Өрекпіген көңілдің өр екпіні
Тоқтамады, тағы алға өрмеледі.
Толқын, толқын, ол-дағы өксімесін,
Көкжиекке көгілдір кешті көшім.
Дамылдаған дүние, ұйқыға енсем,
Дауыс болып сен кейде естілесің.
Мейірім нұры билесе тұла бойды,
Басын бұрып ағады бұлақ ойлы.
Ақ жаңбырдың бұрқағы биле, тынба,
Тамшылары несіне тына қойды?!
Шалқып ақты Шардара шарасында,
Әупілдек жүр қамыстың арасында.
Жанарымнан ұғатын сыралғы дос,
Сырласуға шақырсам, барасың ба?!
Сүйрік саусақ дірілдеп шекке өрледі,
Ырғақтардың тіріліп кетті өрнегі.
Шырмауықты шырғалаң тұсамаған
Еркіндікті бер, тәңір, кептердегі.
Ұша білген жақсы ғой ұша алғанға,
Жаным ашып қараймын тұсалғанға.
Дұшпаныма мен шексіз алғыс айттым
Қайраттанып, қайтадан күш алғанда.
Байғұстарға жасалар сауап барда,
Көңіл толып тұрады жауаптарға.
Имандылық ишарат білдірсе екен
Қан ұйыған қуыстау қауақтарға.
Атыл, атыл, ақ нұрдан атыл, аспан,
Көкшіл көйлек кигенде атыластан.
Жазып жатқан хаттарым жөңкіледі
Тағдырымның жолында тақым ашқан.
Жазып жатқан хаттарым жөңкіледі,
Ерігені – жүректің елтігені.
Көктем болып мәңгілік қалсаң екен,
Көбелекті дүние, көлкімелі.
Сен қайдасың, тамызым, талықсыған,
Шырылдаған үн болшы шанышқыдан.
Көрмеген боп жанымнан барады өтіп,
Жақын бауыр, сырлас дос, таныс құдам.
Мен керекпін және де керек емен,
Мықтылығым таласты керегемен.
Төрде отырдым толықсып елеусіздеу,
Босағада тұрған топ еледі ерен.
Менің орным босаға емес, бірақ,
Өмір өтіп кетеді-ау елес құрап.
Таулар тұрса телміріп биігінде,
Айбат шегіп қор болды дөңес, қырат.
Алдыма кеп біреулер ақтала ма,
Кешіре сал оны да, Хақтағала!
Өресіздер өр жаққа жете алар ма,
Адал сырын айтқанда аппақ ана.
Өресіздер өр жаққа жете алар ма,
Жүрегінің орнында ет оларда.
Дүниені қадірсіз күрегендер
Менің жалғыз сөзіме жете алар ма?
Босата алсам аяқты шырғалаңнан,
Жарқыраумен өтермін бұл ғаламнан.
Құрбаны боп құтылмау міндет емес,
Адам болып көрініп тұрған аңнан.
Келген сайын Жайыққа толғанамын,
Жоғалтпаған секілді ол да мәнін.
Ақ шағала шаңқылдап, қалқып ұшса,
Сағынышты солардан жолдағамын.
Бөдене құс барады бөктер іліп,
Кемпірқосақ жайнады көп керіліп.
Арасында әйнектің жанұшырды
Шыға алмаған кептеліп кептер-үміт.
Төңіректің тамшысы төгілмеген,
Телміреді тап-таза көңілменен.
Будақ-будақ талдары туған жердің
Бұрымдарға ұқсайды өрілмеген.
Талықсыған тамызда тағдыр әні,
Жаңғырық боп қайтадан жаңғырады.
Әз арманын тамшы қып айтып жатыр
Басылуға асықпай жаңбыр әлі.
Сен бе ғаріп, немесе мен бе ғаріп,
Сағынышты басайын елге барып.
Көкжиекте көгерген кең әлемді
Көңілімнің көздері көргені анық.
Сен бе мықты, немесе мен бе мықты,
Шашу қылдым жолыңа теңгелікті.
Досым айтқан жып-жылы бір лебізді
Еңіреген жүрегім ем деп ұқты.

Сен бе дарын, немесе мен бе дарын,
Салады екен бұл Өмір жөнге бәрін.
Аттай алмай арықтан діріл қақты
Жеті басты жыланды жеңген Арын.
Жеңген Арын, немесе сөнген Арын
Айтып кетем деуші еді елге бәрін.
Аянышпен қарадым ақымаққа,
Төмендетіп алғанда төрдегі әлін.
Атылғанда аспанға арғымағым,
Жамыраумен айтады тарғыл әнін.
Жел кернеген қанатын арман керек,
Айта беріп қайтемін арғы мәнін.
Тағы да атып келе ме күн жаңадан,
Жандар бар ма жанына мұң жамаған?
Аман болсын ақиқат ардан аппақ,
Аман болсын жүрегің зілзаладан.
Жүрегіңді жат адам тепкенінде,
Қол созғансың талай рет көкте күнге.
Сенің адал көңілің қан-қан болып,
Жатқанында біреудің шекпенінде.
Шыға алмайтын жандар көп асханадан,
Тоғышар боп тумайды бастан адам.
Билігіне ешкімнің бас ұрмайсың,
Биік тұрса көңілің Астанадан.
Өкпелеме жүрегі жабықтарға,
Олар тірі ұйықтайды табыттарда.
Қарғыс атқан таңба бар (аянышты),
Қарындарға байланған қамыттарда.
Тобыр жүрсе топырлап төңіректе,
Жүрегіңді бекерге еңіретпе.

Сөнеді-ау деп үмітім мұңаймаңдар,
Терең суға батпасын темір өкпе.
Ататұғын адалға анық таң бар,
Өтінерім-тек қана жабықпаңдар.
Сүйкімдісін жоғалтып қапияда,
Кездейсоқта табады зарыққандар.
Жүрегіңнің желбірін бүрмелетіп,
Келешектің кернейін үрмелетіп,
Жүрген қызық күндерді іздеңіздер,
Қалып қойған жылдарға бірге кетіп.
Арман күндер айналса алыстағы,
Жаңғырады жанымның таныс бағы.
Қауырсыны қып-қызыл қанатымның
Керек боп тұр Күн жаққа тағы ұшқаны.
Арман-желдер сыбдырлап нені айтады,
Жанап өтіп, оралып, жөн айтады.
Бар білерім-жүрегің шын қуанып,
Тіршіліктің атады талай таңы.
Күн келеді әйтеуір жадыраған,
Қуанады көргенде ғаріп адам.
Мен өзімді керемет сезінемін,
Қарағанда бұрылып бәрі маған.
Түйіскенде төбемде алты ғалам,
Иіреді асығын алтын алаң.
Алматының ақ иық ақынымын,
Атыраудың ақ жарқын халқы ұнаған.
Қонақжайлық бойында салты басым,
Мейлі, мейлі, қазақтың салты ұнасын.
Кербездікті көтеру – далаға сын,
Жалқыларды қадірлеу – жалпыға сын.
Арманыңды айт, ақ жүрек астаналық,
Айдындарда барады аспан ағып.
Жұмбақ мұхит ойымнан шықпай қойды
Жағалауын жатқанда тасқа малып.
Жүрегінде Жайықтың Алатау бар,
Кеңістігім, аман бол қанат аунар.
Тағы қандай жолдарға жетелейсің,
Таң қойнынан бозарған жаңа таулар!
Кеме қалды бұлдырап Нұқ тауында,
Сол кеменің бақыты-ықпауында.
Қала бердім жұтуға жұпар демін
Қазынасы тасыған Құт тауында.
Кеме қалды қайтадан Нұқ тауында,
Надандықтың белгісі – ұқпауында.
Қонақ болып тағы бір қайтсам дедім,
Малдары егіз табатын құтты ауылда.
Бүлкілдесін, қарлығаш, ақ тамағың,
Бөгемесін ағысы қатты ауаның.
Қауырсының қатайса, қуана бер,-
Самғайтұғын мезетті сақтағаның.
Көңіл кірі қай кезде ағармаған,
Жаңа күндер жетер-ау жаңа арнадан.
Жалау ұстап желбіреп келе жатыр
Сүйіншісін сұраған хабар маған.
Аяулы шақ, сен енді алыстама,
Қолын бұлғап тұрғанда таныс дала.
Жайық қана тербелген жағажайға,
Қоғажайға гүл берген қамыс қана.
Жағажайлар жаныма жылыұшырап,
Тынбай жақты мұңымның мыңы шырақ.
Жылдар, қайда барасың жүдемеген,
Дауылдаған күндердің дыбысын ап.
Дауылды күн, қақшы бір даңғыраңды,
Дауылда да айтады жаңбыр әнді.
Шөлейт біткен өзіне бұрып жатыр
Сахарада самғаған сан қыранды.
Шөлейт, шөлейт, шұңғылсың шөліркеген,
Айналса да астауға темір теген.
Бұраңдаған бұлағын тез табады
Шөлдің сырын ұқтырса өмір терең.
Бағыты бар әркімнің ұстанатын,
Аман алып жүрсе екен құс қанатын.
Атырауға тағы да ұшып келді
Арғымақтың ақ жалын құшқан ақын.
Күдірейтіп орманын күз келе ме,
Парасат пен пайым аз бізде неге?
Көрсоқырдың көңілін таба алмай қап,
Із жоғалтқан көңілің іздене ме?
Атырау боп Алматы толғанады,
Жаратқанның, толғанса, қолдағаны.
Ақ ботасын аруана іздеп келсін,
Аналардың бітпесін жолдағы әні.
* * *
Баласы Анасына қарағанда,
Бетінен бір сүюге жарағанда,
Бала мен Ана жырын тыңдау үшін
Ұшады қанат бітіп бар адамға.
Тағы бір таң атады, күн келеді,
Жылытып Жер-жаһанды мүлде лебі.
Алқызыл алма ағаштың гүлдегені


Адамзат, қабағыңды аш, күл дегені.
Дос барда, ұшыратын қанат барда,
Жүресің самғай ұшып санаттарда.
Мың тәубе алтын күннің шуағына,
Мың алғыс тіршілікке, жаратқанға.
Жылаған сәби күндер бесіктегі,
Асығып, бесік бауын шешіп пе еді?!
Жасыл су өзен болып лықсып ақты,
Дауысын толқындардың есіткелі.
Дірілдеп құлағымда үн барады,
Жып-жылы демін жұтып түн қарады.
Шырғалаң тағдыр қалды шиленісті,
Шындықты шырмауықпен шырмағалы.
Серіппесі садақтың серпіледі,
Болу керек ел жайлы ер тілегі.
Сен аман бол, қазақтың жүрегі аппақ,
Ақ Жайықты бойлаған еркін елі!
Күй келеді домбыра шанағынан,
Қалқып ұшты аспанда ана қыран.
Ана қыран таппаса балапанын,
Бұл тірлікте қалайша қалады мән?!
Балапаны қыранның жоғалмасын,
Қанат жайып жүгірсін көгалда шын.
Балапаны кетпейді, қайтып келер,
Ауыртпайды анасы оған басын.
Мынау ғалам, байқасаң, құлпырады,
Күмбір қағып көмейде үн тұрады.
Жаз келгенін айта ма, қуана ма,
Көгалдағы жасыл түк жылтырады.

Самғай алған қалықтап самғап ұшсын,
Ашықпасын, азығын балдан ішсін.
Шындық болып шырылдау арманы ма
Үміт жібін сүйреген алданыштың.
Шындықтардың шырылдау арманы ма,
Толықсыды тағдырым тармағына.
Тордан әрең құтылған қайран өмір
Түспесе екен біреудің қармағына.
Алматы–Атырау–Алматы.





Пікір жазу