08.02.2022
  149


Автор: Светқали Нұржан

Анна. Тоғжан. Жүрек. Тас

Я помню чудное мгновенье...
А.С.Пушкин.

А.С.Пушкин музейінде Анна Керннің сүрініп кеткен тасы сақталған.

Кеудеде тулап өр жырлар,
Көңілім самғап аспанға,
"Махаббат, қызық мол жылдар...
"Өтті ғой біздің бастан да.
Жастықтың желі басылмай,
Таба алмай жаным бір тұрақ,
Пушкиннің бұйра шашындай
Самайым жүрді бұрқырап.
Сия алмай жалпақ ғаламға,
Пушкинше шалқып бетке ұрдық.
"Мұның не?" - деген адамға,
"Дініміз бір ғой" — деп күлдік.
"Жүре алман кейбір пендеше,
Жырыма қолын соғар көп.
Ақын боп тудым, ендеше,
Ақынша ғашық болам", — деп,
Қиялға ғажап берілдім,
Сан ойлар симай басыма.
Тәу еттім — Анна Керннің
Сүрініп кеткен тасына.
Бәңгіше сонда еліттім,
Есімді алды — ғажап сәт.
"Тәңіріндей әзіз көріктің" —
Тәтті бір тамұқ, азап шақ.
Көзіме қонған моншақ не?
Жанымды бір мұң биледі-ай.
Есіме түсті сол сәтте —
Абай мен Тоғжан. Жидебай.
Шыңғыстау жаққа жол алдым,
Көзімнен жасым мөлдіреп.
Айта алман, сірә, олардың
Жолдары тассыз болды деп.
Қарап ап оң мен солына,
Түзеген шақта сайға бет,
Тоғжанның жатып жолына
Сүрінткен тастар қайда? — деп,
Сұрадым қыраң, қыраттан,
Ғасырдан жатқан сыр аңдап.
Сұрадым бұраң бұлақтан
Алдымнан аққан бұлаңдап.
Бірі де сырын ашпады,
Шарладым сансыз бөктерді.
Ол басқан жердің тастары
Сүйкімді болып кетті енді.
Сол тасты іздеп жүргенде,
Жан қалқа, маған көріндің, —
Тоғжан боп кеттің бір демде,
Бірде өзі болып Керннің.
Бәңгіше сонда еліттім,
Есімді алды ғажап сәт.
"Тәңіріндей әзіз көріктің" —
Тәтті бір тамұқ. Азап шақ.
Сені алғаш, қалқам, көргенде,
"Саусағын жайды жас жүрек".
Ұмтыла маған бергенде
Сүрініп кеттің, тас тіреп.
Сүрініп кеттің, қалқам-ай,
Үмітім мәңгі қаусады.
Бұлт — өре, ал ай — малтадай,
Жетпеді жүрек саусағы.
Қарасам жоқсың. Ғайыпсың, —
Жалт беріп ай да қырқа асты.
Жүрегім саусақ жайып шын,
Сипалап қалды сұр тасты.
Сол тасты жанға енші еттім,
Көз жасым мұз ба, сіреу ме? —
Көзімді сүртіп көрсеттім,
Кезіккен алғаш біреуге.
"Сөзіме, бауырым, құлақ ас,
Тілекші маған бол, жаным! —
Тегін тас емес мына тас,
Сүрінген менің Тоғжаным", —
дегенмін...
Әлгі тасты алып,
Хабардар болды мән-жайдан.
"Тас болса, мә!" — деп бас салып,
Ұрды кеп мені маңдайдан.
"Саған сый осы бұйырған!" —
Күлді кеп байтақ тау іші.
Жарқ етіп өтті миымнан
Абайдың ащы Дауысы...
Кейін де талай Залыммен
Кезіктім — иттен дүреген.
Сондағы аққан қаныммен
Жазылып еді бұл өлең.
Қалмады жанда тілек түк,
Тарқады қызық, той мүлдем.
Тек сол бір тасты — жүрек қып
Кеудеме тығып қойдым мен...
Ашылмап еді мына сыр, —
Бөліспек болсаң — тілегім:
Зарымды менің ұғасың,
Тыңдасаң тастың жүрегін...
Айтады ол әлі жеткенше,
Жатып ап тасқа тығылып...
Тағы бір Ару — Кеткенше
Сол Тасқа тағы сүрініп...





Пікір жазу