Жүрек
Маңдайымнан сипады ерте ұлы елім,
Ұлы елімнің ақтаймын деп тілегін,
Тұғырдағы тастүлектей түледім.
Ұстап мініп жырдың бұла күреңін,
Әшекейлеп әбзел — тұрман, жүгенін,
Шешіп алып шежіре - шер шідерін,
Бабам жортқан құба жонға түнедім.
Бес қаруын іліп сөздің білегім —
Ұлы жолға бет түзеген ұл едім!..
Оқ өткізбес, көз тигізбес уменен —
Шомылғанда қасиетті суменен
Су тимеген жерім жалғыз — Жүрегім!...
Бұқа сынды буырқанса жар сүзер
Болмасам да — кенен ойға нәрсіз ер —
Трояда қаза тапқан баяғы
Ахиллестің өкшесіндей әлсіз ол.
Қай кезде де батыр — аңқау, ер — қамсыз,
Құдай ертең, не берері болжалсыз.
Қайран жүрек! —
Қымтамаған Қарлыға
Көбіктінің кіндігіндей қорғансыз.
Не де болса жолға шықты сол жүрек. —
Суып, тоңып, сүйіп, күйіп, елжіреп.
Кейде кертіп ақ азуы Ақпанның,
Кейде желпіп жазғытұрғы жел жібек.
Сол жүрекпен талай құмға із тастадым,
Сол жүрекпен талай қызға із тастадым.
Сол жүрекпен жазылды алғаш дастаным,
Сол жүрекпен бағынды алғаш асқарым!
Сол жүректі аялайды достарым,
Сол жүректі аямайды қастарым.
Жыр жолынан жалдаптары ықтыра
Алмай жүрсем —
Кіналар ма жұрт мына?..
Жыр арнамай қояды екен Келешек —
Бір осал жер болмаса егер мықтыда...
Түкті жүрек, күпті жүрек, мұз жүрек,
Тірлігінен кейде үмітін үзді көп.
Ол неліктен? —
Мүйіздінің барлығы
Тұрады оны көргісі кеп сүзгілеп?
Жарасына ем — бір көздерде дәру бар,
Бір көздерде қара сілең — зәр у бар...
Сол жүректен жыр сұрайтын жұрт қанша,
Сол жүректі шымшылайтын ару бар!
Шерлі жүрек — айналады шеменге,
Желді жүрек — айналады көбеңге.
Сорлы жүрек — нұр шылаған жанарын,
Шам жағып жүр — соқыр, мылқау, кереңге.
Қансыраған көрсетермін Жүректі:
"Елің үшін не бітірдің?" - дегенге.
Мезгіл жетіп мерт боп кетсем егер де,
Байлап қойып басымды тас көгенге,
Былай деп айт — мола салғыш шеберге:
"Ең соңғы ірет — өлді жүрек, — деп жазсын, -
Опасыздық жасай алмай Өлеңге!.."
Тышқан - тірлік ырзық емес пендеге!
Тышқан біткен көр - топырағын жеуде өле...
Жетпеу үшін жау жебесі Жүрекке
Жырдан сауыт тоқып келем кеудеме...
02.12.1983. Алматы.