02.01.2022
  181


Автор: Үміт Шәріпова

Жүрек саған...

Көңіл қалай ұмытады...білмедім,
Түсіп еді отқа, суға, күйге мың..
Ұмытамын дегенімен жүректің
Ұмытуға дәрмені жоқ сүйгенін.

Жаттың сөзі аямады, жылатты,
Ақ жаныңды күншілдерге сынатты.
Өзгерсе де бүкіл әлем құбылып,
Сен өзгермей соғып тұрсың, тұрақтым.

Мейлі дейсің мазаласын тылсым дем,
Сүйем дейсің үнсіз ғана дүрсілдеп.
Ұзақ түнге мен көз ілмей жатқанда,
Сен емес пе ең жалын ата күрсінген?..

Кешір мені, қинадым-ау мазалап,
Бәрін өзің көтересің азап-ақ.
Жанарымнан сырғып аққан жасын жыр,
Мұң кеудемді жатырсың ба тазалап?..

Бір көтеріп тағдырымның салмағын,
Қарсы алыппыз сағыныштың таңдарын.
Аялайын енді сені кел, күнім,
Сен де мені жеккөрмеші, ардағым!





Пікір жазу