22.11.2021
  174


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Балдақты жігіт

Білемін, — жармасып,
Бір үміт, бір күдік, —
Келесің сен маған көзіңде сыр тұнып.
Үнсіз мен,
Кесілген аяқтан жасқанып,
Тұрамын «келме» деп айтудан іркіліп.
Деген ой жоқ еді:
«Мүгедек теңім бе?!»
Егер сен сау болсаң қиналмас едім де.
Ылғи да өзімшіл жүректің намысы
Тынышымды алады сен келсең, менің де.
Тағы да келдің сен ойлы сол түріңмен -
Қабағың қатулы,
Ерінің түрілген.
Сол күні көзіңнен көрдім бір қайсарлық,
Жігерді,
Байқамай жүретін бұрын мен.
Дедің сен:
«Отырсың сыпайы қарсы алып,
Ішінде басқа ой тұрса да жар салып.
Біл бірақ,
Қанша ауыр болса да мен үшін,
Үйренгем шындықтың уына тамсанып.
Ал енді біз үшін бұл соңғы әңгіме —
Қоштасып кеткелі келдім мен мәңгіге.
Айтарым тек қана —
Түсінсең болғаны
Жегідей жеп,
Қысып,
Қинайды жанды не?
Қатырып қайтейін, —
Дедің сен, — көп басты,
Арманшыл жүрегім аңдаусыз от басты.
Санам мен сезімім айтысып, айтысып.
Ақыры осындай шешімге тоқтасты.
Білемін мен сені не жасқап келгенін,
Неге сен бірден-ақ тойтарыс бермедің —
Аяйсың мүгедек халімді кемсініп,
Біл бірақ,
Мен-дағы бірімін пенденің.
Арманым,
Үмітім,
Талабым —
Бәрі де
Жарайды санамды емдейтін дәріге.
Сен мені көресің балдақтың үстінде,
Ал менің шын бейнем бұл тұстан әріде.
Жеткізбей келеді,
Жеткізбей тіпті арман...
Шалғайда жүрсем де бой таса,
Ықтардан.
Менде жоқ аяқты сұраңдар сәбиден,
Өмірін апаттан мен барып құтқарған.
Мені ешкім жазбайды —
Дәрігер,
Зергер де...
Демеймін еш жанды өзіме теңгерме...
Бірақ та азамат бейнеме әрқашан
Сол сәби көзімен қараңдар сендер де!»
Дедің де,
Орныңнан тұрдың сен қарманып,
Қалдым мен қысылып.
Күмілжіп,
Таңданып.
Өйткені рас қой,
Кеудені қағамыз
Кейбірде он екі мүшені малданып.
Мүмкін-ау біздегі ойдың да тарлығы —
Көрмейміз кейбірді метрден арғыны.
Сондай-ақ сыналған жоқ әлі біздерде,
Сендегі қайсарлық,
Ерліктің барлығы.
Жетеді ерлікке кімдердің батылы,
Белгісіз кімдердің көп сенен ақылы.
Ендеше, досым,
Сен айтыпсың әділін —
Емеспіз біз сені аяуға хақылы.
Жүрекке, бірақ та,
Айтпашы бекер сын —
Мүгедек азабын ол қайдан көтерсін.
Сен оған егерде қалаулы болмасаң,
Ол үшін бізге де кешірім етерсің...





Пікір жазу