Жүрекке жүгіну
..Екеуміздің арамыз он жас еді,
Жан ағамдай көруші ем сонда сені.
Елуінші жылдардың ен ортасы,
Балалықтың қаз-қалпы қалды әсері.
Түтін түзу, тіршілік болмашылау,
Болмайтын кез қарыз бен қауға сұрау.
Соғыс біткен. Тек соған ел риза,
Жанын жалдап әдеті жан асырау.
Небір нәубет үйреткен зәресін ап,
Жанын жалдап көнбіс ел жан асырап.
Еңбеккүнін қолхозшы әрең-әрең
Алатын кез алғандай пара сұрап.
Соған енді бөз көйлек, бөз орамал,
Тиын тиді қатық пен көже болар.
Белсенділер біршама бәсеңсіді,
«Аттырам да асам» деп көзі аларар..
Мұң кетер ме жесірдің қабағынан
Жалғыз сиыр құтылмай «налогынан»?
«Уполминзаг» шайқаған сары майын
Жырып алды жетімдер тамағынан.
Жырып алды...
Демедік не себепті?..
Соғыс-сойқан, сұмдығы кеше бітті.
Алмақ шығар әл жинап деп ойладық,
Ұлы Сталин болғанмен неше мықты.
Мен баламын,
Сен онда бозбаласың,
Жай оғындай жалтылдап қозғаласың.
Өртеңге өскен күлі ащы гүл секілді
Түсің шымқай болғанға мәз ғанасың.
Жолбарыстай ыңыранып өзі жалап,
Қайран халық жатты емдеп өз жарасын.
Темір тәртіп тезіне сталиндік
Айта алған жоқ әлі ешкім көзқарасын...
Тартыстардан тайынбай талай ақтық,
Отан жалғыз деп біздер сана ояттық.
Айла барын білмеуші ек, отандасты
Алалайтын астыртын алаяқтық.
Жалғыз сиыр сүт-майын сылып беріп,
Ақ май ағар күндерден үмітті едік...
Басымыздан сипардай көсеміміз
Қабырғада қара мұрт сұлық, керік...
Сен соғыстың баласы ең, мен жеңістің,
Екеуміз де қиян шет жердегі өскін.
Кеше ғана келсем де дүниеге,
Көсемім кім?
Даңқына кенде емеспін...
Мен – шәкіртпін, сен маған ұстаз едің,
Бозбала – ұстаз қысқа жіп, қысқа желің.
Ұстаз едің сен онда білімі аздау,
Біліміңнен биіктеу ішкі әлемің.
Алыс ауыл. Қиян түз. Шым мектепте
Оқушы едік домбығып, дірдектеп те...
Көз қуаныш біз едік, ал ел болса
Кетпейтінін біледі тірнек текке.
Құмырсқадай қыбырлап таң сәріден,
Қара жерді тырмалап саусағымен.
Шойырылма шал, шолақ қол бригадир,
Жесір әйел құсалы қан-сөлімен.
Соқа тартып атпа атып, торғай қорып,
Аш өзекті шалаппен жалғай келіп.
Күзге қарай көбейіп кебек-кеусен,
Шыға келер жалымыз жардай болып,
Біз тоқ едік, тоғайдық ниетпенен,
Асып-төкпей таупиық жиектеген.
Алты ай бойы жан анаң кетпен шапса,
Айырасың сүйелді сүйекпенен.
Біз тоқ едік, тоғайдық бөле-жарып,
Әне жетім демедік, әне кәріп.
Көрші ауылдан той тойлап қайтатын жұрт
Аяқ-табақ, ас-суын ала барып.
Біз тоқ едік, тоғайдық үмітке біз,
Талай сынға түскенмен сілікпеміз.
Қаныменен Отанға серт берген ел,
Күбір-күбір әлі де күдіктеміз.
Күдіктеміз көсемге кім адал деп,
Кім пітінә, кім таза пірадар деп.
Отан – өзің...
Жаумыз ба өзімізге?
Өзді-өзінен әлі ешкім сұраған жоқ.
Адалды арам көзіне шұқиды кеп,
Жазаменен, жаламен, нұқып, іреп.
Қатар екі үй, бірі – әскер семьясы,
Бірі – «халық жауының тұқымы» деп.
Қара нанды бір бөліп, қара суды
Бірге ішісіп, жаутаңдап қарасулы.
Қайран халық білмейді кінә кімде,
Іш қазандай қайнайды, жан ашулы.
Мен білмеймін осы ма жеткен ұшпақ,
Білетінім көп жеңіс кеп тоғыспақ...
Білетінім – емшекте сен қалғанда,
«Халық жауы» әкеңді кеткен ұстап.
Мен білмеймін, жау болған әкең неге,
Мен білмеймін, Сібірде, шет елде ме?
Адамға жау адамды көріп жүрміз,
«Халыққа жау» кірмейді қаперге де.
Мен білмеймін, бай болса, жау болған ба,
Кімнің жауы айдатып, аударған да?
«Тіл кеспек жоқ» демей ме, айтқыштарды
Алып кеткен неліктен даудан дарға?
Мен білмеймін, не нәрсе тағдыр деген,
Тағдырына ие ғой әркім деген.
Абай маған әлі де алысырақ,
Жаттап жүрмін саңқылдап Жамбылды мен.
Мен білмеймін Сәкенді, Тұрарды да,
Жан салмасын Ілияс жыр алдына.
Көрбілтелеп оқисың «Шұғаны» сен,
Жұрт көрсетпей оқып жүр құранды да...
Мен білмеймін, сен неге қобалжисың,
Адал сөйлеп, ақ ішіп, адал жүрсің.
Сен әкеңнің дидарын танымайсың,
Әкеге емес, өсірген заманға ұлсың!
Әкеңді емес, мен, аға, білем сені,
Үлкен адам боласың бір еңселі.
«Сабыр түбі..» болады, білем, аға,
Мықты адамда болмасын жігер шегі.
Мен солдаттың ұлы едім медаль таққан,
(Бар сыбаға замандық талан – бақтан).
Қабағыңнан мұң сенің ыдырады,
«Халық жауы» деген сөз алаңдатқан.
Арта-арта шаршадық үмітке жүк,
Заман сынай, сындарлай біліп пе едік?
Қара табыт үстіне жантайды кеп
Қабырғадан қара мұрт сұлық, керік.
Көлкілдеттік көз жасын сен де, мен де.
Сүйе ме әлде...
Бұл халық пенде ме әлде?
Көсемдердің бағасын келешекте
Титанға әлде, тиранға теңгере ме?
Айбарлы елді бір ызғар тұрды буып,
Әркім-әркім соны ішке жүрді бүгіп.
Табиғаттың заңындай тоң жібітіп,
Келе жатты жылтырап бір жылымық...
Одан кейін...бәрін де білем, аға,
Күреңтөбел тіршілік құба ғана.
Сен соғыстың баласы, мен – жеңістің,
Бірге үлестік замандық сыбағаға.
Одан кейін келгендей бүтін бақыт,
Қарсы алдық па біз соны күтіп жатып.
Одан кейін тың жырттық тусыраған,
Тракторлар шынжырын сықырлатып.
Біз даланы бұйр
алап бораздамен
Жырта бердік, шаруа жоқ көп, азбенен.
Мыңдар емес, миллиард цифрларды
Жасап жаттық ақпармен, қағазбенен.
Сонау алыс қиян түп шет ауылдан
Астанаға үміттің оты ағылған.
Сен де кеттің, мен кеттім,
Кетуші едік:
«Қалмаймын, – деп бәріміз, – қатарымнан!»
Қатар кім деп, тең кім деп терезесі,
Білім алу білдік пе ережесін.
Тез тұрғызсақ үйлердің кенересін,
Тез суарсақ шөлдердің кенезесін.
Біз асықтық кешегі жесірлерге
Сүйгізсек деп тезірек немересін.
Көп қажалған елміз ғой қайғы-мұңға,
Көптеу қақтық дырду той делебесін.
Обалы не, салдық біз ғимараттар,
Осал, олқы құйғанмен кейде іргесін.
Сен – ғалымсың, мен болсам болдым ақын,
«Болдық, толдық» деп кейде кеуде ұратын.
Сұрақ барын білуші ек, екеуміз де
Сұрайтын күн келгенде жаудыратын.
Біз сұраққа қайтардық сұрау-жауап,
Шындықтарға қарадық сыңар қабақ.
Біреу озды біреуден-біреуді орап,
Біреуге сор болды озу, біреуге бақ.
«Озу керек» дедік біз мінбені ұрып,
Оздырмасын уақыт біле тұрып.
Ойдан талай «қиялдар» туып жатты,
Оза алмастай айтпасаң бір өтірік.
Қос-қос кілем, қос-қос үй, қос машина,
Жағдай жасап талайлар бас-басына.
Дүние – айдын, айдында айбын – кеме,
Тірелдік кеп тоқырау тоспасына.
Аға, сен де жасырма, мен жасырман,
Күн болған жоқ кездейсоқ көмбе ашылған.
Маңдай тері халықтың борша-борша –
Қазынасы қоғамның әр ғасырда.
Сен екеуміз білуші ек тердің құнын,
Маңдай тер мен көз жасы – Ар бірлігін,
Ашпа-жалап жылдарда сол екеуі
Сақтады аман, қараса тағдыр қырын.
Санамызға сәулелі ой оты дарып,
Ар-ұжданы заманның, атын алып.
Аға, сен де жасырма, мен жасырман,
Неге біздер көп жылдар тоқырадық?
Уақыт емес тоқырап, баяулаған,
Адам өспей, өседі қалай қоғам?
Тоқыраған заводтар өнімі емес,
Санамыз ғой шамадан кем ойлаған.
Тоқыраған уақыт, кезең емес,
Зая жылы – талайдың біз өрелес.
Аяулы Арал!.. Біз бүгін ойлай қаппыз,
Көзге түспес көл емес, өзен емес.
Ойлай қаппыз тың дала құм, боранын,
Жайлаулардың жыртылып, қалмағанын.
Сен ғалымсың, неге ерте барламадың?
Мен ақынмын, сол жалған миллиардқа
Талай рет мақтау жыр арнағанмын.
Аға, сен де жасырма, мен де бүкпен,
Арылатын кез келді пенделіктен.
Еркін ойлап, ер сөйлер кезің келді,
Кезең келді тыс сөйлер енді еріктен.
Еріктен тыс сөйлетіп жүрек – өмір,
Жүрек соқса, жылай біл, қуана біл.
Тоқыраудан, тоқтаудан болады аман
Жүрегіне жүгініп құлаған ұл.
Қайта құру, бәлкім бұл қайта арылу,
Сезім жалтақ болмауы – ой тарылу.
Кешегінің кемшінін айта білу
Келешекті кең пішіп, байқап, ұғу,
Қайта құру, бәлкім бұл қайта қунап,
Тоқыраған толқынын шайқап ырғап,
Жүрегі бар, Ар-ұждан азаматқа
Ғасыр соңы жаңаша айтар ырғақ.
Енді әр затты атаймыз атыменен,
Ойланамыз кеткенін қапы неден.
Табиғаттай тазару қандай ғажап,
Ар алдында адамдық дәтіңменен!
Міне, мінбер, ал, сөйле, тазар, арыл,
Өз қоғамың – сырласу өзара бұл.
Аздау беріп, қоғамға көптеу алсаң,
Көптеу бер де, ал енді аз ала біл!
Өтті нәубет, соғыс та, тоқырау да,
Не қытымыр шалындық, не қырауға.
Адам болып қалады Адам бірақ,
Жүрек барда, Ары мен аты барда.
Қайта құру – қайтпас күш еркі бірде,
Шындық күші шымырлап серпілуде.
Жүректерге жүгініп жеңер Шындық
Түптің түбі...түбінде, ең түбінде.
Сен де, мен де жүрекке бір жүгініп,
Безбен жүрек бәрін де тұрды біліп...
Табиғаттай тазара бастадық біз,
Тарих білер қалғанын...Кімде Ұлылық?..