16.11.2021
  175


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Балама

Шайқалмаған сары уыз балапан бала,
Көргенің сенің әлди мен алақан ғана.
Қиялыңменен аймалап Айнакөлдерді
Көзіңнің нұрын сүйкейсің Алатауға да!
Көк пенен көлдің арасын шайқағың келер,
Жүрек пен мидың қатпарын байқағың келер.
Қызылшақа қиялың жалаңаш әлі,
Қаттыға тисе, қиын ғой...қайтарым берер.
Қызылшақа қиялың сана болғанша,
Уыз жүрегің ушығып жара болғанша,
Жара жазылып, уыты тарағанынша,
Ұшырасың жүректі зәрені алғанша.
Заманың жылдам болғанмен тез жетілетін,
(Тез жетілетіндер әдеті тез кетілетін).
Көзге шыққан сүйелдей сыңарлық жаман,
Құмарлық жаман қамшыдай көзге тиетін.
«Құмар болма анаған не мынаған», –
Дейміз біздер.
Дегбір жоқ. Көңіл алаң.
Себеп-салдар ойлатып маған Заман,
Себебімен қарсы етер сені маған.
...Шайқалмаған сары уыз, шайқайды заман,
Шайқайды заман, бағыңды байқайды заман.
– Сенікі дұрыс, қайткенмен, Заман сенікі,
Заман сенікі, жақсы ғой, пай-пай, Заманаң!





Пікір жазу