16.10.2021
  214


Автор: Исраил Сапарбай

Сыздамашы, жүрегім, сыздамашы

Сыздамашы, жүрегiм, сыздамашы,
Қарағанмен қиылып қыз баласы.
Ол құрғырлар деймiсiң саған ерер,
Қарағанмен, қол бұлғап қала берер.
Мықтыны да тұқыртып тұтқынында
Өз дегенiн Уақыт ұқтыруда.
Құлдық ұрып еркiне көнсеңiз де,
Жиырма бес пен опа жоқ Он сегiзде.
Алабұртпа, көңiлiм, алабұртпа,
Сабаңа түс, шөлiң бас, шарап ұртта.
Елгезегiм, елпiлдек, елеңшiлiм,
Уақыт жасырмайды сенен шынын:
Мұңын шағып мұхит та жағасына,
Тулап-тулап түседi сабасына.
Аса алмай өзендер де арнасынан,
Амалсыз, адасса да, алға асығар.
Таулар да – төбесiне бұлт қонған,
Тiл мен жақтан айрылып, тынып қалған.
Дала да етек-жеңiн күлтелеген
Жете алмай көкжиекке дiңкелеген.
Сөз саптап кеттi деме кемеңгерше –
Сен дағы тұтқындасың өле-өлгенше!




Пікір жазу