Қиялым менің...
Қиялым менің шарықта,
Түсіп ал деймін қалыпқа.
Жастықтың алау күндерін,
Есіңе ал жүрек жалықпа.
Қызғаныш деген осы ма?...
Әлдебір еріп досына.
Жат біреу оны иемдесе,
Шошыма, жүрек, шошыма.
Ұйқысы келмей болмаса,
Сезімтал көңілі толмаса.
Не істерін білмей дал болып,
Үзілген гүлдей солмаса.
Несіне сені қинайын,
Жүректің шерткін ыңғайын.
Шындықтың көзін жасырма,
Сені де қалқам тыңдайын.
Жанбайын бекер күймейін,
Сүйместі мен де сүймейін.
Күйдің бе сәулем оны да айт,
Жанған соң бірге күйгейін.
Отымды ішкі баса алмай,
Жүректен ары аса алмай.
Өртеніп осы кетем бе,
Сырыңды сенің аша алмай.
Сабырым еріп сайтанға,
Шайпауыз сөздер айтам ба?...
Жаныңды сенің жаралап,
Жынданып үйге қайтам ба?
Есімнен мүлде адасып,
Жүрмесем болды шатасып.
Көрінген біреу олжалап,
Қалмасам екен шоқ басып.