15.10.2021
  360


Автор: Исраил Сапарбай

Мен сені жақсы көрем шын жүректен

Мен сенi жақсы көрем шын жүректен,
Жаның – жаз,
жанарың – наз, нұрлы көктем.
Бар дейсiң не жазығы ол жазғанның
Өзiң деп дүрсiл қаққан, дiр-дiр еткен.
Кететiн сен дегенде елжiреп тым
Тiлеуi, көксеуi көп сол жүректiң:
Кiрейiн ақбоз үйге қол ұстасып,
Түрейiн шымылдығын жел-жiбектiң.
Көңiл бар тек өзiң деп өлiп-талған,
Көкейде – тəттi қиял, көрiктi арман.
Аумайсың аққуымнан, айналайын,
Адаспай айдынына келiп қонған.
Сезейiн тек өзiңмен ғұмыр мəнiн,
Тəттi уын тiршiлiктiң, шырын балын...
Өтейiн шырайыңа шаң жуытпай,
Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным.




Пікір жазу