15.10.2021
  200


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Жапырақ

Бітті енді,
төзім тозды, көрдей мұң!
Ебелек пе ем?
Ермегіңе ермеймін.
Менің мөлдір мерекем-ай, мейірімсіз,
Шытынайды сеңдей мың.
Мынау — менмін қарт кісідей көңілсіз,
Сүйе алмайды,
Жүрек жыртық, ерін сыз.
Быт-шыт болған айнасынан Алланың,
Көлбеңдейді көркем сөздер сенімсіз.
Түу алыстан — қолын созып қиырдан,
Бір бақыт ең бүгін маған бүйырған.
Кептірмей-ақ қойшы, қалқам, шық-жасты
Жапырақтың кірпігіне жиылған.
Келсап — мезгіл,
Келі — уақыт, көмейлі,
Сарғайдың ба, жасылсың ба демейді.
... Ажал, сенің алақаның жұп-жұмсақ,
— Қалқып барып қүлайын ба?
— Е, мейлі...




Пікір жазу