19.09.2021
  149


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Өзің бе дедім жыр көзін

Ежелгі таныс досымдай,
Еркіндеп келіп құштың сен.
Толқуын жүрек жасырмай,
Бауырына мені қыстың сен.
Дос жайса ыстық құшағын,
Еркінде қалар қандай жан.
Тәтеме өзің ұқсадың
Сүйген бір сәтте маңдайдан.
Жүректі жарып шықты да,
Өңіңнен жылы леп есті.
Жаныңды жаным ұқты да,
Ойыңмен ойым кеңесті.
Құрбыдай тату ұғыстық,
Айтылмай сырлар қалмады.
Өлеңнің ортақ туы ыстық
Арман мен бізді жалғады.
Жаз екен сенің күнің де,
Жаз екен байтақ танабың.
Жаз екен мақпал үнің де,
Жаз екен жарқын қабағың.
Ашхабадтың күніндей
Жайдары ашық мінезің.
Шымырлап жатқан білінбей,
Өзің бе дедім жыр көзін.





Пікір жазу