АЛДЫҒА ҚАРА ҮМІТПЕН
Жүрекке жағар кір, дағын,
Бұлдап берер бір бағын,
Жалғанда мынау жала көп.
Өмірі іздеп бақытын,
Жоғалтып соған уақытын,
Өткендер көп-ау нала боп.
Оқ жыландай ызғар шашып арбасқан,
Өмір солай күн мен түні алмасқан...
Дос болып пайда, есеппен,
Сыртыңнан ұрар кесекпен,
Сұмдар көп мына заманда.
Жаралап жанды өсекпен,
Білдірмей алар өш, еппен,
Жоғалтпа уақыт жаманға!
Қиянат бұл әлімсақтан жалғасқан,
Тас кенеше аққа қара жармасқан...
Біреулер айтса ғайбат сөз,
Сабырға келіп жайлап төз,
Төгілер бойдан бар күнәң.
Жоғалтпа сенім пендеге,
Ақылы неге кем деме,
Құрдымға тартар әр күмән.
Бір жамандар алмады деп қолымды,
Битке ренжіп тастама отқа тоныңды!
Жақсылық деген бары хақ,
Бір күнде келер жарылқап,
Алдыға қара үмітпен!
Ақылға салса бар істі,
Жеңетін бәрін ар күшті,
Шеше біл түйін білікпен!
Қуанып өт әр күніңе тәубе деп,
Тұрса дағы жаман ойлар әурелеп...