04.08.2021
  123


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ойлар, ойлар...

Ойлар, ойлар… келеді де кетеді
Шеттерінен бір-бірінен өтеді.
Қиял-сұңқар қанатына мінгізіп,
Алып кетер сол ойлардың жетегі.
Ғашық қылар ойың кейде Баяндай,
Ығын берер бұ апаттан саяң қай?
О, Тәңірі, бір қуыстан пана бер,
Келемін мен тоқтай алмай, аялдай.
Ойлар кейде батырлыққа бастайды,
Ой үстінде болар талай бас қайғы.
Ой жеткенмен айла, күшім кем соғып
Келемін мен тындыра алмай жақсы ойды.
Өз ойыңнан өзің кейде шошисың,
Мақұл жанға бұл оқыстан тосын сын.
Сол кез Алла атын атап үш қайтар,
Ойға салған, түрткен шайтан опынсын.
Асқақ ойлар жүрегімнің пірісің,
Тек жақсы оймен, ей адамдар, тірісің.
Ойсыз жандар – сырмінездеу, тұңғиық,
Жұмбақ жанның, көп адамның бірісің.
Жалықтырды-ау шабан ойдың тепеңі,
Қайда-қайда ұшқыр қиял кешегі?
…Пай, пай шіркін. Тұлпар ойға мінгенде,
Көңілде күй, кекілден жел еседі.





Пікір жазу