22.07.2021
  117


Автор: Сәкен Иманасов

Кім біледі себебін

Кім біледі себебін,
кім біледі,
суық сезім жүректі тілгіледі,
Біз де бүгін жат болып кеттік пе деп,
Ойлаудың өзі қандай сұмдық еді!
Жүректің өшірем деп өртін ішкі,
кеулеп те бара жатқан дерті күшті,
Жат болып шықтық па деп, шынымен-ақ,
ойлаудың өзі қандай қорқынышты!
Тағдыр да осыншалық дүлей ме еді?
Жүргені-ай жегідей жеп бір ой мені.
Арамыз мәңгілікке ажырар деп,
айтудың өзі қандай үрейлі еді!
Айтқалы ақырғы ашу өкпені біз,
қаншама жаңбырын да төкпеді күз.
Апыр-ай, осы ма екен, шынымен-ақ,
жат болып екеуміздің кеткеніміз!..





Пікір жазу