А, дариға - ай
Ес білгендей болсам да күні кеше,
Одан бері жыл өтті әлденеше.
Содан бастап бір бөлек өмір сүріп,
Өзге түрмен жасаппын бұл күнгеше.
Жаным жаннан, көңілім бір көңілден,
Тауы қайтып жалғанда жоқ жеңілген.
От жүректің талабын судай басып,
Талай қиын түйіннің шиін білген.
Табиғат пен сырласқан сұм жүрегім,
Талай жылап, сан күлген, болған жерім.
Су сылдыры, құс жыры, шөп сылдыры,
Күн де жалғыз тыңдаған сырлы үндерім.
Жазғы түнде, тоғайда жалғыз өзім,
Енді есіме түседі жүрген жерім.
Ай сырласым, гүл еркем, ауа ем боп,
Адам емес, ол күнде періште едім.
Көкірегімде кіршік жоқ, ойым ізгі,
Үміт үлкен, талабым таудай еді,
Неде болса болмас іс жоқ көрініп,
Жүйрік қиял дүниенің бәрін кезді.
Жалығуды білмеді, жалқаулықты,
Кер тартарлық, қорқақтық бәрін жықты.
Өзі патша, өзі бай, өзі құдай,
Өзге ұлттан бөлініп жалғыз шықты.
Бар дүниені бейне бір тұрмақ билеп,
Жауыздықты жойдырып, ақты сүймек.
Адам, айуан, жер, аспан., өнер, білім,
Әміріне тіл қатпай басын имек.
Осы күні адасып қалдым содан,
Бақсыдаймын айрылған демнен, жыннан,
Жүйрік қиял алдырып, үміт сөніп,
Жасым жетпей қуарып, кеуіп солғам.
Ол күндерім бұл күнде алыстады,
Келер күннен үміт аз алыстағы.
Суға салса батпайтын, отқа жанбас,
А, дариға - ай, болар ма сондай шағы.