10.07.2021
  358


Автор: Айтуар Өтегенов

Кеудеде нөпiр толқын тасып iзгi

Кеудеде нөпiр толқын тасып iзгi,
Тағы бiр жыл есейтiп жасымызды.
Он жетiнiң өрiне шыққан кезде,
Қайырдық шалқасынан шашымызды.
Бұрынғыдан толысып, толғанбыз ба,
Жiгiттiк жайлауына қонғанбыз ба.
Сол жылы...
Ғашық болдың, асыл досым,
Жаныммен мен ғашық болған қызға.
Рас, бiздер майдан сап ұрыспадық,
Батырлардай серттесiп тұрыспадық.
Қос жүрек те ынтығып сол сұлуға,
Сол сұлуға төрт жанар нұр ұшты алып.
Бiр төсектен және бiз өретiн ек,
Талай сырды екiге бөлетiн ек.
Әттең, әттең, екiге бөлiнбейтiн,
Сол аруды шын жақсы көретiн ек.
Түн болып... не таң болып ата алмадым,
Достық-ай, жiбiңдi үзiп өте алмадым.
Балаң сырды Арманға ақтаруға,
Мен сенен бата алмадым,
Сен менен бата алмадың.
...Тағы да қуа алмадық түрiп кектi,
Бiр ыза iшiмiздi бүрiп кеттi.
Бiрiмiзге-бiрiмiз қимай жүрген,
Сол сұлу өзге жанмен жүрiп кеттi.





Пікір жазу