19.06.2021
  190


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сен қайда жүрсің

Сен қайда жүрсің,
мені осыншама сағындырып,
жүрегімді лаулатып жалын қылып?
Мен сені іздеп жүрмін
шығар-ау деп жарқ етіп түзден бір күн,
мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке
ашу, ыза - кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән-арманым,
басқаларға айта алмас сырымды мен
ішімде бүгіп жүрем -
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
көмілмей жасқа, мұңға!
Орап сені сағыныш - ақ сағымға
(қымсынбаймын бар әлем қарап қалса),
сені ұйықтатып алдымда таң атқанша,
отырамын көз ілмей бас жағыңда.





Пікір жазу