19.06.2021
225
Сен мені күтпе ешқашан. Алаңдама
Сен мені күтпе ешқашан. Алаңдама.
Өзіңді айыптама, жамандама.
Жүрегің мен деп соқса,
басу үшін
бәрін де маған жама.
Мен соның барлығын да көтеремін.
Сені әзір аймаласын бөтен ерін,
бәрібір саған титтей тыным бермей,
ішіңді күйдіреді от өлеңім.
Сен мені басқаларға қорлап ем де,
тыншырмын көңіл қалып сонда мен де.
Мені ойлап жараланған жүрегіңді,
білсең де жазылмасын, зорлап емде!
Өзіңді, өзгені де алда солай
(көмілсін менде ертерек шаңға самай),
қаншама жанталасып тырысқанмен,
жүрегің мені аңсаудан қан-жосадай.
Мен жайлы мүңайма сен дара қалып
(әлі ұзақ қайғы болам саған анық!).
Ұқ бірақ: бірімізге атқан оқтан
қаламыз екеуіміз де жараланып.