07.06.2021
  249


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Майға бөккен маңғаз

Жүрекке бүйрек бір күн мақтаныпты,
Қалдырмай ойдағысын ақтарыпты:
— Сен мені жүрсің, достым, жақсы ұғынбай,
Көрдің бе жамылғым май, жастығым май.
Жазы - қыс жаным тыныш, майға оранып,
Жатырмын бар байлықтың бастығыңдай.
Атақты "бітеу " біткен атым бүйрек,
"Жатпаған майға оранып күнім сирек,
Жұмсауға керегіне алса біреу,
Алады шарбы майдан әрең сүйреп! —
Дегенде жүрек тұрды шамырқанып,
Бүйректің бұл сөзіне таңырқанып:
— Құр сыртың жылтыраған, байғұс бүйрек,
Қолы емес, пышағының ұшы түйреп
Ұсынып отыратын балаларға,
Емес пе ең, мақтанасың бүгін бүй деп.
Мен болсам майды оранып, жастанбай-ақ,
Аралап қан - тамырды бастан-аяқ,
Қолқадан кіріп, жұлын, миды шолып,
Біреуін қалтарысқа тастамай-ақ,
Жүретін тіршіліктің тірегімін,
Сондықтан жұрттың сүйер жүрегімін,
Қол үзген бар өмірден майға оранып,
Сыртыңнан аяп сені жүр едім мен! —
Деген сөз айтылса да жайлап қана,
Бүйрекке майға оранған арнап дара,
Жылы орын, жайлы төсек иелері,
Сендер де жүрек сөзін ойлап қара!





Пікір жазу