14.05.2021
551
Монологтар
Пәк сезімдер – тамырларға таралған,
Бұл жүректе болмас тамшы арам қан.
Мен – Бақыттан, Бақыт менен жаралған,
Қос бұтамыз бір түбірден нәр алған.
Сондықтан да, сондықтан да, жер, сенен.
Фонтандай боп атып шыққан тентек ем...
О, туған жер, қасиетті топырақ,
Бұталарың кеудемде тұр қалтырап.
Күзгі күннің қабағы боп шытынам,
Жазғы күннің жанары боп жарқырап.
Күрек ұстап үйренсе де қол мына,
Жат болмады мылтық пенен домбыра.
Кейбір күндер тастап жатса мол мұра,
Кейбір күндер күл тастапты орнына.
Жаңа үмітпен нұрланды қыр, атып таң,
Күнді күтпен төсегімде жатып паң.
Ұяламын ұйқым үшін уақыттан,
Қырсық жасап алмайын деп Бақыттан.
МОНОЛОГ сезім жүрек бақыт Жұмекен Нәжімеденов Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы Жұмекен Нәжімеденов өлеңдері пәк