14.05.2021
  207


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Сол үйде

Сенде менің үмітім бар бір мысқал,
Талабым бар өрден-өрге тырмысқан.
Ес білмеген, естілмеген күй де көп,
Нота-сызықтарға қонған үймелеп.
Танымалдар, тарлан бар –
Бірте-бірте биіктеген армандар,
Менің жарым сықылданған бір ару
Кесте тігіп жатқан шығар – бармаңдар!
Емеурінмен еркін шықпай есіл үн,
Аулай алмай бір әнінің шешімін,
Рояльда композитор отыр ма?
Бармаңдаршы, қақпаңдаршы есігін.
Бөлмеші ойын, сезімдердің гүлі үшін,
Күй жазады ол, жасырады мұнысын.
Сол бір үйден тынымсыздық сезем мен,
Тынымсыздық, тынымсыздық – тынысым!
...Күн – әлемге, жер де күнге бір мықты,
Мықтылықтар алды суды, кұрлықты.
Жыр қылам мен сол бір үйді тынымсыз,
Тынымсыздық жасайды ғой тірлікті!
Тірлік, тірлік, бейнетіңнің бәрі игі,
Қайратымды қара тасқа жанимын.
Мұржасынан түтін шықса, сол үйдің,
Бір отымның жанғаны деп танимын.





Пікір жазу