08.05.2021
  199


Автор: Әбділда Тәжібаев

Досыма

«Доспын» дедің, сендім саған,
Жүрегімді бердім саған,
Ер соңыма, бас ілгері,
Маңдайыңның ақса тері,
Шаршадым деп үн шығарма,
Тартпа етектен, кейін қалма!
Аялдауға уақыт тығыз,
Бастаушымыз - өмірді біз!
Сескенбе, сен теңіздерден –
Толқындардан мың бүктелген,
Бас ілгері кідірместен,
Сеніміңді шығарма естен.
Біз Мұсадан кейінбіз бе?
Ашады жол теңіз бізге!
Аялдауға уақыт тығыз,
Бастаушымыз – өмірді біз!
Қаһарлы бұлт төгіп зәрін,
Ойнатса да от қанжарын,
Қара дауыл қауып беттен,
Қарсы ұрса да көкіректен.
Өрле, досым, өрден өрге,
Дақ түсірме ер сенімге!
Аялдауға уақыт тығыз,
Бастаушымыз - өмірді біз!

1946





Пікір жазу