Тарас Шевченкомен әңгіме
Ойға баттым,
Қиял тербеп,
Бойды қызу
Өлең кернеп,
Қалам кетті жорғалап.
Ақ қағазға салдым өрнек,
Ойдан өлең
Құйылды кеп,
Сияменен сорғалап.
Үй оңаша,
Жалғыз өзім,
Өлең ғана
Бойда сезім
Жабық, еді есік те.
Тереземнің Пердесі бар,
Ашық жер жоқ
Саңлау болар,
Көрінбейді тесік те.
«Балам! - деді
Мархабатпен,
Күңгірлеген
Зор дауыспен
Келіп біреу қасыма,
Білмей қалып,
Кірген кезін,
Бұрылып ем
Түсті көзім
Жалбыраған шашына.
Түсі жарқын,
Бетінде нұр,
Қос көзінен
От жанып тұр,
Ақсақалды бір адам
Қарадым да
Қалдым қатып,
Тани алмай,
Ойға батып,
Отырдым мен болып таң.
О да маған
Көз жіберді.
Жайлап басып,
Жақын келді
Айтатындай ақылын.
«Кімсіз?» - дедім
Мен де күліп,
Кім екенін
Білгім келіп.
Сөйледі қарт ақырын: -
− Танымассың
Мені, балам!
Мен ілгері
Өткен бабаң:
Атым Тарас, шырағым!
Сонау жатқан
Украинада -
Атышулы
Днепрде
Менің мекен тұрағым.
− Тарасыпсыз?
Нe дейсіз сіз?
Мұнда қалай
Келіп тұрсыз?
Шықтыңыз ба қабырдан?
Өлген адам
Қайта тұру,
Тірілермен
Бірге жүру
Жолы қайдан табылған?
− Өліп едім
Жылай-жылай,
Екі көзден
Жас сорғалай,
Көміліп ем қорғанға.
Днепрдің
Шулағаны,
Естілуші ед
Құлағыма
Тыңдағанда қорғанда.
Күтуші едім
Украиннан –
Тасқын өзен,
Днепрден
Елдің соққан дабылын.
Құл мен күннің
Көтерілген,
Құралданған,
Жауды жеңген,
Ұлы майдан дабырын.
Жеңілді жау,
Елім жеңді,
Ел жаңадан
Ту көтерді
Алды барлық қамалды.
Он бес жылда
Жер өзгерді,
Өзгергенін
Көзім көрді,
Топырағым да жаңарды.
Пионерлер -
Балаларым.
Бір дауыспен
Шырқап әнін,
Арнап маған бұрылды,
Қабырыма
Топырақ, төгіп,
Қызыл роза
Гүлдер егіп,
Айтты менің жырымды.
Жанды тербеп
Ән мен өлең,
Қуанышқа
Баттым терең
Жата алмадым қабырда.
Отрядпен
Кеттім бірге,
Жеттім бірге
Днепрге,
Қош айттым мен қабырға.
Көп тұрмаймын,
Енді, балам,
Кетер кезім
Болды, балам,
Аралаймын еліңді,
Өз көзіммен
Көремін кеп,
Айдауменен
Он жыл жүрген
Ертедегі жеріңді.
Жан-жағымда
Торып солдат
Көк найзалар,
Қоршай аңдып,
Сіздің елге келгенмін.
Жапан түзде,
Көрген азап,
Жапалаққа
Болған мазақ
Қазақтарды көргенмін.
Жазу үшін,
Қазақ жырын,
Кедейінің,
Көрген күнін
Таптырмаған бір қалам.
Күзет тұрып
Өлеңіме,
Бұғау түсіп өнеріме,
Өнеріме,
Аңду болған айналам,
Бұл күнде сен
Бақыттысың,
Бостандықтың
Ақынысың
Сал көзіңді алысқа.
Түйе орнына
Темір жолдың,
От орнына
Электрдің
Шыққанын жаз, қалыспа!
Украинадай
Ерік алған,
Он бес жылда
Жаңаланған
Елің маған емес жат.
Қош бол, жырла,
Жырла балам!
Жаз өрнектеп,
Тұрма, балам
Өлең саған аманат, -
Деді де қарт Сүйді мені.
Тиді бетке алған демі,
Кетті шығып асығып.
Есік жаққа
Көзді қадап,
Аң-таң болып,
Қалдым қарап
Үстеліме асылып.
Өлген ақын
Келді қайдан?
Сүйді қалай
Маңдайымнан?
Түсім бе әлде, өңім бе!
Жоқ! Тарастың
Емес өзі
Келген оның
Жазған сөзі
Ұялаған көңілге.
Ойға баттым,
Қиял тербеп,
Бойды қызу,
Өлең кернеп,
Қалам кетті жорғалап,
Ақ қағазға
Салдым өрнек,
Ойдан өлең
Құйылды кеп,
Сияменен сорғалап,
1935