06.05.2021
  250


Автор: Әбділда Тәжібаев

Мен қалайша қарасудай тынармын

Жүрегім әлі ұрып тұрса,
Қаным әлі жүріп тұрса
Қара судай тына қалу оңай ма,
Оны қалай дей қоярмын қолайлы?
Адамға адам алыс емес қашанда,
Біреулер бар туған мәңгі жасауға.
Маған сонау Қара Қыпшақ Қобыланды
Келген басып он ғасырлық жолдарды
Ең жақыным, ең қимасым секілді.
Ең асылым, ең сыйласым секілді.
Қарашы, әне айбарлы - ақ емес пе?
Жапа-жалғыз жау тосып тұр белесте!
Бурылын қара астында шапшып ойнаған,
Көрсем деп тұр күркіреген майданды.
Кіреді қазір қап-қара бұлтқа қайнаған,
Ағызып қанды, салады жауға ойранды.
Күн батса да, ол батпайды, сөнбейді,
Қас қарая өзі де қан боп қайтады.
Қыз Құртқасын құшақтап қана отырып,
Қиналғанын күбірлеп қана айтады.
Ал Құртқа ше?
Қара көзі мөлдіреп,
Сүйейді де сүйгенін,
Көрсетпейді көлегейлеп ақ жүзінің
Ыстық жасқа күйгенін...
Мен қалайша ойламаспын бұларды,
Мен қалайша қарасудай тынармын?





Пікір жазу