01.05.2021
  197


Автор: Мұратхан Шоқан

Жасандылық жүрекке жетпейді...

1. Біздің әдебиетімізде бір топ тізім жасағыштар, сосын бір топ тізімге енгіштер бар... Олар кейде тізім жасаушы, кейде тізімге енуші болып өзгеріссіз қайталанып бір-бірін көтермелеп отырады. Олар, тізім жасаушылар, әдебиет жасаушылар емес! Олар, тізімге енгіштер, тарихқа енушілер емес!
2. Біздің әдебиетімізде шетел әдебиетін көзсіз насихаттайтын тағы бір шоғыр бар. Бар мақсаттары - шетел әдебиетін білетін, көп оқыған болып көріну. Сөзінде, жазғанында өзіне тән түйірдей философия жоқ адам оқымысты емес. Олар ұсақ мақсатпен естелік айтушылар ғана!
3. Орыстың немесе батыстың саусақпен санарлық классик ақын-жазушылары болмаса біздегі біраз «әдебиет танушы» аш қалар еді. Олар өздерінің әлсіздігін шетел классиктерінің артына тығылып жасырып қалғысы келеді. Айтатыны - жауыр болған әңгімелер... Сол классиктерді қалпақпан ұрып алатын өз ортасындағы хас талант жайлы айтуға пендешілігі жібермейді...
4. Біздің әдебиетімізде бір топ көлеңкенің исі дегендей тіркестермен күңгірт көшелер секілді өлең жазатындар бар. Олар уақыты келгенде күңгірт көшелердің сүріліп тасталатынын түсінбейді...
5. Тамаша өлең ақын табиғатқа емес, табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді. Біздің кейбір ақындарымыздың өлеңінде табиғат тұнып тұр, бірақ өзіне тартпайтын табиғат. Өйткені, олар өлеңнің техникасын игеріп алып табиғатқа билік жүргізеді... Содан жасанды картиналар дүниеге келеді. Жасандылық жүрекке жетпейді!..





Пікір жазу