06.04.2021
228
Өртейін деп отқа көмдім...
Өртейiн деп отқа көмдiм,
От жүрегiм жанбады.
Жанды апарып жарға бердiм,
«Пара ғой» деп алмады.
Жан, тәнiмдi, иманымды –
Асылымды бойдағы,
Аямадым жиғанымды,
Сонда да көз салмады.
Жар қараса, тiрiлушi ем,
Қарамаса, мен – өлiк.
Рахым етiп қылмады-ау ем,
Ендi үмiтiм қалмады.
Сөйтсем, онда сыр бар екен,
Байқамаппын мен оны.
Қосылайын өлсе деген,
Амалы екен – алдады.
Өлiп едiм, жар бiрiгiп,
Бiр бейiстi таңдады.
Ләйлi, Мәжнүн қарсы шығып,
Ерулiктi қамдады.
Тiрiлiкте қосылысқан,
Шын жар емес, ойнас ол.
Ондай асық – шынға дұспан,
Ол бейiске бармады.
Жар сипатын бiлсеңiз де,
Нәпсiң өлмей, деме жар.
Айла, алдау сөзiңiзге,
Шын хақиқат қанбады.
«Сен – Жарым» деп алдаған еп,
Тиедi оқ боп кеудеңе,
Өкiнедi уайым жеп,
Кiм аныққа нанбады.
өрт от жүрек тән жан Шәкәрім Құдайбердіұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы