06.04.2021
  268


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Жан жүрегім, жаным жеп...

Жан жүрегім, жаным жеп,
Жанған отқа саласың.
«Анау сүйтті, бүйтті» деп,
Күнде мазамды аласың.
«Берекеге жи» дейсің,
Тамам қазақ баласын.


«Кек, ашудан тый» дейсің,
Айыртып ақ пен қарасын.
Мен құдай ма, патса ма,
Ынсапсызға бастама.
Ауыртып ашып жаныштама,
Жанымның ескі жарасын.


Газет, журнал басылды,
«Міне, оқы» деп қуанттың.
Қазаққа ғылым шашылды
«Ал, қуан» деп жұбаттың.


Бірін-бірі сөкті деп,
Табылған бақты тепті деп
«Өлді, жітті, кетті» деп,
Тағы мені суалттың.


Бір өлтіріп, тірілтіп,
Әр бұтаққа ілінтіп,
Жел, сағымдай құбылтып,
Қай жаққа алып барасың?


Қой, жүрегім, қайғырма,
Қайғыны мүлде жай қылма.
Айрылғандар қосылар,
Бұл мінезден шошынар.
Тағдырдың құлы осылар,
Сен таппайсың шарасын.


Торайғыров естісе,
Мұны «қатын ойбай» дер.
Мұнымен елді жетілтсе,
«Ойбайды жүр қоймай» дер.
Аша алмассың жылаумен
Арсылдақтың арасын.
 





Пікір жазу