16.10.2023
  4676


Автор: Жібек Ысқақова

Қазақ тілім

Қазақ тілім — шырқап айтар жыр-әнім,
Қазақ тілім — сусындайтын бұлағым.
Айдыныңа жүзсем-дағы күн сайын,
Бітпейді еш саған деген құмарым.

Қазақ тілім — жүрегімнің үнісің,
Жайма шуақ жылу берер күнісің.
Тамыр жайып тереңінен нәр берер,
Жанға жайлы хош иісті гүлісің...

Қазақ тілім — сен деп соғад(ы) жүрегім,
Өзің барда бақытты өмір сүремін.
Мәңгүрттерді көпшіл жерде көргенде,
Алаңдаймын, жайыңды ойлап жүремін.

Қазақ тілім— еліміздің жанысың,
Әр беретін, нәр беретін сәнісің.
Бұлт үйріліп тұрса-дағы басыңа,
Бұл елімнің баға жетпес бағысың...

Қазақ тілім — тынысымсың, өмірім,
Саған қарай бұрып тұрар көңілім.
Биік болсын абыройың ана тіл,
Өзің барда бойымда бар сенімім!

Жібек Искакова, 16.10.2023 жыл





Пікір жазу