Махаббат жайлы
«Мен кеткен соң оқышы жасқанамын»
Дедің де жалт бұрылдың, асқақ әнім.
Жанарыңа дір еткен қарадым да,
Бір күрсіндім болмастан басқа амалым.
...Бір жапырақ қағазды ұсындың да,
От боп кеттің қарғам-ау, қысылдың ба?
Жүректегі сырыңды оқып қойып,
Менің-дағы құбылды түсім мыңға.
Сен боп кеттің сонан соң елестерім,
Шын сезіндім іңкәрлік лебі ескенін.
Жалт еткенде жоқ болған жарығым сен,
Сиқыр қызы перінің емес пе едің?
Үміт құсым қиянға шарықтады,
Тағдырыма күн түсті тамұқтағы.
Сәттен-сәтке ғажайып күйге орандым,
Күйбеңімнің күндегі қалып бәрі.
Тәтті мұңға осылай тұншығамын,
(Өмір деген бәріне сыншы, жаным)
Періштедей жүректен шын берілген.
Білем, білем осындай жыр шығарын.
Сүймей тұра алмайды бүршік күнді.
Пәк сезімің үнімді тұншықтырды,
...Жүректі езіп жіберер үзілгенде,
Жанарыңда мөлдіреп бір шық тұнды...