Қоштасу
Жүрегіңнен маған деген,
Көрмей сенім шапағатын,
Кетіп барам, санамда - өлең...
Қош бол, менің махаббатым.
Көңілімде өзің салған,
Тұрса-дағы қаяу мұңым,
Қарай-қарай көзім талған,
Мен үшін Сен – аяулы ұғым.
Өртенген бұл жүрегімде,
Табы қалды мол күйіктің,
Арманым да, тілегім де –
Мәңгі қош бол, сүйіктім.
Қарс айрылып көкірегім,
Кеудемде өрт басталады.
Өткен күнге...өкінемін,
Жанарымнан жас тамады.
Жүрегіңнен маған деген,
Көрмей сенім шапағатын,
Кетіп барам, санамда - өлең...
Қош бол, менің махаббатым.
* * *
Әлемге сыйлап күн нұрын,
Әуелде қатар тараған,
Шуаққа көміп бір-бірін,
Түсінсе деймін бар адам.
Жылылық кетпей өңінен,
Жан болса сырды ұғатын.
Кетпесін аққу көлінен,
Сұлулық сыйлап тұратын.
Ашыла түссе пейілің,
Өмірің болса тәттілеу.
Жүректі жаулап мейірім,
Арналсын дәйім ақ тілеу.
Ақ көңіл – адам байлығы,
Бар сырын ашып ақтарған.
Қасірет пенен қайғыны,
Көрмесек екен ақ таңнан.
Ізгілік гүлін жайғандай,
Ұмытып барлық өкпені.
Ақ қырау қысқа айналмай,
Кетпеші, көңіл көктемі
* * *
Құйды нөсер,
сілкіп бір,
Мынау әсем бақтарға.
Қара торғай үркіп тұр,
Діріл қаққан ақ талда.
Құйшы, нөсер,
шақта бұл,
Тұрған кезде тыңдап ән...
О, шабытым,
ақтарыл,
Мен несіне мұңданам!
Құйшы жаңбыр,
төкпелеп,
Қалыспашы уақыттан.
Сенің иісің тым бөлек,
Кейбір арзан бақыттан.
Мөлдірліктен сыр құрап,
Естідің бе, бар үнді.
Тамшы біткен сыңғырап,
Жырға бөлер жаныңды.
Тебірендім, сілкіндім,
Қарап босқа байланба.
Сұлу тамшым, сүйкімдім,
Көз жасына айналма!