28.08.2023
  105


Автор: Шөмішбай Сариев

Өмір – жүйрік, бәріне жеткізбейді

Өмір – жүйрік, бәріне жеткізбейді,
Адам көңілі,
Жер емес көкті іздейді.
Арман жүрек
Маздаған шоқпыз дейді.
Жанған жүрек,
алаулар отпыз дейді.
Сағым боп көз алдында көкжиегің
Жақындасаң,
алыстан жеткізбейді.
Өмір – жүйрік,
өзінен оздырмайды
Қолын көкке адамның создырмайды.
Жұмбақ дүние шешенсіп сөз қылмайды,
Құпия уақыт-жанары көзді ұрлайды.
Қашқанда алда,
өмірде озғанда алда,
Тұлпар жүйрік дүние оздырмайды.
Өмір – жүйрік,
адамнан алға озады,
Жарысасың жеткізбей жан тозады,
Шыр айналып жатады қан ғажабы,
Басады дүниенің шаң-тозаңы.
Өмір деген өзі алып өз бәйгесін,
Адамның ғұмырынан алға озады.
Біртіндеп құпиясын біліп келем,
Мұңаймауым үшін де күліп көрем.
Көрген жоқ, жел-дауылдан ығып кемем
Тұңғиық боп ішімнен тынып келем.
Терең иірім тірліктің бәйгесінен,
Өмір – жүйрік,
Сонда да үміттенем!

13 желтоксан 2002 жыл
Астана





Пікір жазу