Бұл жүрек, ақыл айтсаң, тіл ала ма...
Бұл жүрек, ақыл айтсаң, тіл ала ма,
Мен саған ғашық болсам, кінәлама!
Шығып ап тұрмын, міне, бас айналып,
Махаббат деген биік мұнараға.
Апыр-ау, не қалаймын, шөлдедім бе,
Ақыл-ау, сен сезімге көнгенің бе?!
Сор алып келді ме әлде бағым ба екен,
Оралып қалдым, жаным, өрмегіңе.
Жалынды түнде жанған шырақ па едің,
Сабырлы аққан әлде бұлақ па едің?
Өртеді-ау, қос жанарың өзегімді
Еркем-ау, бір адамға тұрақты едім.
Ой деген ішіндемін тас қамалдың,
Қой деп ең, кірпігімді жасқа малдым.
Сағымдай өте шықтың, қала бердім,
Табылмай тұрғанын-ай басқа амалдың!
Самал боп жетер ме екен бір күн әнім,
Қамал көп, шықпақ болып бұлқынамын.
Шөлге де, шыдар едім қапасқа да,
Сен неге жүрегімді жұлқыладың?!
Бұл жүрек ақыл айтсаң тіл ала ма,
Мен саған ғашық болсам, кінәлама!
Шығып ап тұрмын, міне, бас айналып,
Махаббат деген биік мұнараға!