04.07.2023
75
Үміт-ай...
Мақалдап сөйлеп,
Мақамдап
Өлеңмен берген батасын,
Ойласам бүгін
Сәл талдап,
Ақын екенсің, аташым!
Немерелерің – Үмітай,
Мұңсызхан, Мұңсыз, Гүлмейрам...
Сен көрер ме едің?!
Үміт-ай...
Біздің үйде енді кіл мейрам!
Арманым ауыр жолға сап,
Мұздатты, кейде жібітті ой.
Үміт-ай...
Үміт – болашақ,
Өмірдің өзі үміт қой!
Өмірді –
Сүйіп үмітті,
Мұңсыздық бақыт деп кеттің.
Ол кезде бірақ кім ұқты
Сабағын сендей мектептің?!
Үміт-ай... – деймін ойланып,
Дедің бе жұртым ойлансын?..
Шөп шауып, жүріп қой бағып,
Дәл тауып қалай қойғансың?!
Өзіңнен сәби жоқтығы-ау,
Жас шағымда біліп пе ем?!
Өмірден мынау өттің-ау,
«Үміт-ай» деумен, үмітпен...