04.07.2023
110
![](/uploads/shorttexts/author_image/mrm.png)
Мұңға оранды үмітін үзіп еркем...
Мұңға оранды үмітін үзіп еркем,
Жасырады қара жер жүзін ертең.
Шыны түтік ішінен көрініп тұр –
Тәтті өмірдің түр-түсі қызыл екен.
Туған-туыс, ағайын, інім кепті,
Танығандай боп тұрмын бүгін көпті.
Сәйкеспеді қандары,
Жан жарымды
Бейтаныстар қан беріп күлімдетті.
Жарым аман,
Нәресте – балам да аман,
Тізе бүкті сұм ажал жалаңдаған,
Қанын беру – жан беру, өмір беру,
Құдірет-күш екен ғой Адамға Адам!
Көз тігеміз армандап жыраққа кіл,
Біз ұмтылған алдағы шырақ та бір.
Достық, мейірім арқылы жалғасатын
Бәрімізде бар бүгін бір-ақ тамыр!
Мейірім барда, ағайын, өлімді ұмыт,
Тұрсын әр кез көңілдің төрінде үміт.
Бір адамнан ауысып бір адамға,
Қып-қызыл қан – ағады өмір күліп!