Келемін қуып бір үмітті алдан...
Келемін қуып бір үмітті алдан,
Күндерім де көп сүрініп қалған.
Өмір ұшқыннан құралад екен,
Тұрады десем ұлылықтардан.
Шақырды бізді тым алысқа арман,
Құр қалар қуып, құрақ ұшпаған.
Өмір қайғы да арқалатады екен,
Тұрады десем қуаныштардан.
Тамырда тулап тынбай арманым,
Шындыққа кейде шыдай алмадым.
Өтірік кейде өсіреді екен,
Бақыт боп кейде жылай алғаның.
Тұрса да тірлік реніштерден,
Мақсаты үшін кім өліспеген?
Өмір деп айту дұрыс па, сірә,
Түп-түзу жүруді рельстермен?!
Демейді өмір сайраңдамаңдар,
Тайраңдамаңдар, жайраңдамаңдар.
Кім білген, бәлкім, бақытты шығар
Ғұмырды өмірден айыра алмағандар?
Балай алмаймын бәрін жалғанға,
Кешірім керек жаңылғандарға.
Өмір бар дер ем,
Адасып қайра
Қателігінен арылған жанда!
Армансыз асу аса аламын ба,
Шаттықсыз қайра жасарамын ба?
Өмір сүрдім деп ойлаймын
Кейде
Жақсылық елге жасағанымда!
Достарсыз жайнап Күн де күлмеген,
Өз сұлулығын гүл де білмеген.
Мақтана аламын өмір сүрдім деп,
Достармен бірге жүргенімде мен.
Иелік еткенмен ғаламға сана,
Өмір сырларын адамға аша ма?!
Өмір сүрдім деп білемін,
Жаным,
Сені ойлап кейде алаңдасам да!
Бақытсыздай боп бас қатқаныңда,
Қиындықтардан қашқақтадым да.
Ойлаймын бірақ өмір сүрдім деп,
Алдымда айқын мақсат барында!
Қияға қиял ұшырды өлеңім,
Өмірдің содан күшін көремін.
Түсінбей келем өмірді әлі,
Бақытым шығар түсінбегенім?!