06.06.2023
  67


Автор: Серікбай Оспанов

Жүр үмітке жолықтырып...

Жүр үмітке жолықтырып


Жанарыңның жарқылы әлі.


Кінәлі өзім болып тұрып


Саған артам бар кінәні.


 


Тең сен үшін жарың Күнмен,


Еркелікті түсінесің.


Үнсіз- түнсіз


Сабырыңмен


Сабама тез түсіресің.


 


Артық мінез, аптығың жоқ,


Баяғы ұяң қалпыңдасың.


Жан баурасаң шаттығым боп,


Көңіл қалай салқындасын?!


 


Сәл ауырып қалып едім,


Толып жасқа тостағаның,


Болып ұштың жаным менің


Жерге тимей қос табаның.


 


Күндіз қонып Күн жарығы,


Ай сәулесі түнде жайнап,


Жанарыңда жүр барлығы


Саулық тілеп, бір мені ойлап.


 


Көзіңдегі сенерім от


Қарап өскем қас- қабаққа.


Ешбір сөздің керегі жоқ,


Керегі жоқ басқа бақ та!





Пікір жазу