17.05.2023
  204


Автор: Жамбыл Дүйсенұлы

Тілдің жайы – жөргектен

Ана тілім, сен менің- арым, бағым,
Сені ойласам келмейді дамылдағым.
Бұл жырымды арнадым жаным саған,
Бала Жамбыл сыйы деп қабылдағын.

Тілім, сенің құныңды білмегендер,
Құлағына сен жайлы ілмегендер.
Құзғындайын жатса да жүзге жетіп,
Адам болып мәнді өмір сүрмегендер.

Тілім, сені өксітіп, жылатқандар,
Шұбарлап, ластауды ұнатқандар,
Туған ұлттың тұнығын лайлаған,
Жүзі қара,жүрексіз, суайт жандар.

Тілім, сені менсінбей, қорлағандар,
Өгейсітіп, араша болмағандар.
Опасыздық жасаған Отанына,
Олар- нағыз намыссыз, оңбағандар.

Тілім, сені ту ғылып көтергендер,
Анасының ақ сүтін өтегендер.
Ана тілін анам деп аялаған,
Аруларды, жігіттер, мәпелеңдер.

Үлбіретіп үкілі үміттерді,
Сенімдерге жеңдіріп күдіктерді.
Асыл жарға таңдай біл, ару қыздар,
Ана тілді, айбынды жігіттерді.

Сені сүйіп,құрметтеп, бағалаған,
Кім болса да дос,бауыр, аға маған.
Менің жауым екенін біліп жүрсін,
Басыңа балта шауып, аралаған.

Мен сені қорғап өтем, өлмесін деп,
Тілім өліп, шырағым сөнбесін деп.
Қадіріңді білмейтін қатігездер,
Қазақты да, сені де көмбесін деп.

Сен көмілсең түнекке, мен де өлемін,
Тілі өлгеннің көрмедім өрлегенін.
Әр қазақтың баласы дұрыс шығар,
Тілдің жайын жөргектен жөндегенің.

Жамбыл ДҮЙСЕНОВ





Пікір жазу