11.05.2023
  116


Автор: Қайырбек Шағыр

Жүректің құрылысының формуласы

«Әуелі пайда болған сөз» деседі,
Жансыздан жандыға сөз тез көшеді.
«Өлең… өлі ең… өлі едің… тірілдің» деп,
Аты да шұқып тұр ғой көзге сені.
Өлеңді жібермесе қуып бойдан,
Болмайды жер бетінде жуықта ойран.
Әлемнің бар тілінде, барлық өлең
О баста сөзбен бірге туып қойған.
Өлеңмен құпиясын ақтаратын,
Ақынның жүрегі де Хаққа жақын.
Тіліне адамдардың көшіреді,
Он сегіз мың ғаламның ақпаратын.
Алмасқан періштелік, пенделігі,
Көктегі құбылыстың жердегі үні.
Өлеңді өміріне өзек еткен,
Қазақтың ұлдарының мен де бірі.
Абыралы, Абай деп елеңдегем,
Киелі екі өлкені тел емген ем.
Кітаптың беттерінде – жер үлесім,
Жылжымайтын мүлкім бар өлең деген.
Махаббат бәрінен де биікте екен,
Сүйемін, өзімді де сүйікті етем.
Тауларға сәлем берсем, тебіренем,
Жусанның маңдайынан иіскесем.
Жүректен шыққан сөзді қор қылмашы,
Ақынның сол сырласы, сол мұңдасы.
Жазғанымның барлығы – жүрегімнің
Құрылысын айқындайтын формуласы.





Пікір жазу