13.01.2023
  227


Автор: Есбол Бозан

Тас жүрек

Екі көзім от шашып,


Ізгіліктен боп қашық.


Жүрмін мен өз-өзімнен көп қашып,


Қалған ба жүрегімді тот басып?


 


Көкейімде анық мұң,


Барлығынан жалықтым!


Адам жанын түсінуден қалыппын,


Күйін кешіп торға түскен балықтың.


 


Өмір мәнін шын ұғып,


Сыйламадым айналаға жылылық.


Жаман ойды жасырсаңда ішіңе,


Жаратқаннан қала алмайсың тығылып.


 


Айтар болсам сөз расын,


Эгоистпін өз басым!


Жүрегім даққа бәлкім толғасын,


Елемедім талайлардың көз жасын.


 


Өлгені ме етімнің,


Тірі өлік секілді?


Маңдайынан сипамадым жетімнің,


Білмеймін, жүрегімді не тілді?


 


Қабағымнан қар жауып,


Бара жатыр менің көшім жарға ауып.


Өзгелерге өкпелеймін несіне?


Өзімнен төніп тұрса бар қауіп.


 


Кім береді қол ұшын?


Иә білем, қашқақтайды көбісі.


Себебі, басқалармен жоқ ісім,


Мен өзімді айыптаймын сол үшін!


 


Есбол БОЗАН 


Маусым. 2022 жыл





Пікір жазу