Келешекке қиял
Жас шыбығым көгеріп, көктей ме екен,
Жас көңілім көкорайды көксей ме екен?
Шын сүйген өр ағысқа беттей ме екен,
Махаббаттың құрбаны болып кетпей ме екен?
Қатал тағдыр сүюді де шектей ме екен,
Шектегенше нұр сәулесін сеппей ме екен?
Шерімді бір тарқатып сөкпей ме екен,
Соның бәрі менен аулақ өтпей ме екен?
Өмір – өзен өрлейді өлгенінше,
Мұның бәрі өмір барда бітпейді екен!
Бермегенге дауа жоқ, ұмтылмаймын,
Келешекті көремін деп қыңқылдаймын.
Өзегіне құрт түскен күншығыстан,
Мен осы қызыл алма сыртындаймын.
Уықтарым майыспай тұрған кезде,
Шаңырақ көтеремін, бір тынбаймын!
Азап көлін келемін белден кешіп,
Болмаған соң бойымда берген несіп.
Көмек берші, я
Алла, бүйірін тесіп,
Құрғатшы құмшауытқа ашып есік.
Азап көлдің барады ені өсіп,
Алдыма ау керілген жолды кесіп.
Тұншығамын, тұсауымды жібер шешіп,
Қайықпен мен өтейін ескек есіп.
Ал, көңілім, сабаңа түс, ашу бас,
Уылғанға ем болады ашутас.
Пендең менмін, көзіңді сал,
Жаратқан, Аш көңілге, мас көңілге шашу шаш!
Жырлайын мүлде жаңаша,
Жаратқан
Аллам қаласа.
Тағдырмен келдім бетпе-бет,
Дұшпаным менен аласа.
Қателесер қас жауым
Мені әлсіз санаса.
Қасқиып қарсы тұрғанмен,
Көңілім кейде балаша.
Керемет күрес көрсетем,
Боз кілемде таласа.
Өлеңім: көктем нөсерлі,
Мезгілім: қатал қараша.
Көңілім неткен әсерлі,
Сүрейін өмір тамаша.