ШЫДА, ЖҮРЕК!
Шыда, жүрек!
Шыда! арсыздың ісіне
Көргенсізге,
Сенген қара күшіне.
Шыда, шыда!
Жаманға да,
Жалғанға,
Шыда! кей сəт
Қауқарсыз боп
Қалғанда.
Өмір сүру əдемі ғой,
Əдемі!
Тіршіліктің тозған жоқ қой
əлі өңі.
Таулардан өт,
Басты тигіз бұлтқа.
Ыстық нанды
Қолтығыңа қысып ап,
Шыққан дұрыс
Сапарға не жорыққа.
Қанша тасы,
Шығарма тек есіңнен,
Өмір өмір
Миллиондармен,
Ұмытпа!
Ұнатамын
Махаббатты,
Айқасты,
Жыр қылуды
Арман үшін шайқасты.
Қалай ғана бүр жарғанын бұтақтың,
Сезінгенде шырағымды тұтаттым.
Бөбек қалай мына аспанды көреді?
Су түбінде балық қалай өнеді?
Түсіндіру осыларды парызым,
Осы менің ақиқат пен аңызым.
Рельспен пойыз қалай зымырар?
Көбелектер нұрға қалай жылынар?
Дəл солардай сүрсем деймін өмірді,
Дəл солардай болсам деймін көңілді.
Батылдықтан
Шаршамайды жүрегім,
Қайсармын ғой,
Күлмес жерде күлемін.
Тоз-тоз болған
Алдамайды бəтеңкем,
Мен боламын,
Мен боламын,
Бұл анық,
Құштарлық деп аталатын əпендең.
Мінезім өр,
Жұдырығым түюлі,
Біліп қойғам
Шындық үшін күюді.
Өмір, өмір,
Əдемі ғой қашан да,
Жұрт үйренсін
Менен
оны сүюді.
Шыда! Жүрек!
Шыда, жүрек,
Жеңілме!
Ғашығым сен,
Қаруым сен
Өмірде!
Жол бойы ағаш,
Дауыл тұрып құлатқан.
Бала өлігі
Əз анасын жылатқан.
Ал кеудеде
Көктем кебін оранған,
Сосын арман
Уақытқа тоналған.
Сонда дағы
Кезім жоқ-ты
Айныған,
Көше қызыл
Қасірет пен қайғыдан.
Өмір сүру
Азап қазір,
Білемін,
Пышақ қой ол
Тілер адам жүрегін.
Шыда! Жүрек,
Шыда, жүрек,
Жеңілме,
Ғашығым сен,
Қаруым сен
Өмірде.
Көрікті өмір жасау үшін,
Жан балам,
Дұрыс болар əрбір сəтті
Арнаған.
Тек ізгілік жүру үшін əн салып,
Жақсылықты тұру үшін қарсы алып,
Шыдау керек!
Шыдау керек!
Жан салып!
Мінезім өр,
Жұдырығым түюлі,
Біліп қойғам шындық үшін күюді.
Қоржын тамдар мазарындай баланың,
Соны ойласам,
От боп күйіп жанамын.
Қаншама жас өмірі ерте қиылды,
Соның бəрі мазалайды миымды.
Бірақ сезім қыздырады көрікті,
Алда болар күндер үшін
Көрікті.
Шыда! Жүрек,
Шыда, жүрек,
Жеңілме!
Ғашығым сен,
Қаруым сен,
Өмірде!