Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Мысырға сапарға шықпауға үндеді
Мекеменің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, кеше Каирде болған қақтығыстан зардап шеккен отандастарымыздың бар-жоғы туралы мәлімет әзірге түспеген.
Естеріңізге салайық, осыдан бірер күн бұрын Мұхаммед Мүрси жақтастары мен Мысыр әскери күштері арасында болған қақтығыста 287 адам қаза тапқан. 2 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған. Қаза тапқандардың 43-і полиция қызметкерлері екендігі анықталды.
Ақпараттық агенттіктердің мәлімдеуінше, оқиға барысында әскерилер Мүрсидің қолдаушылары орналасқан 2 шатырды бұзып, көтеріліске қатысушыларды таратуға кіріскен.
Ал, оппозицияның айтуынша, тәртіп сақшылары ереуілшілерді жаппай қырып жойған. Енді елдің 11 провинциясында коменданттық тәртіп енгізілді.