Жұмбақтар жауабымен: Ас, тағам, азық-түлік, тамақ

Жұмбақтар жауабымен: Ас, тағам, азық-түлік, тамақ

Тіріден өлі туады,
Өліден тірі туады.
Жұмыртқа

Судан шығады,
Судан қорқады.
Тұз

Мыжғылаймын – жаны жоқ,
Кескілеймін – қаны жоқ.
Қамыр

Түсі әппақ қардай,
Тәттілігі балдай.
Балмұздақ

Бір сусын бар жұртымда,
Ішсең – уыз ұртыңда.
Бәрі содан шығады:
Ірімшік, май, құртың да.
Сүт

Бір шайнаймын,
Бір шайнағанды
Мың шайнаймын.
Сағыз

Ащы да болса құмарсың,
Асыңа қосып тұрарсың.
Бұрыш

Қант емес –
Тәтті.
Мұз емес –
Қатты.
Науат

Шақпақ тас,
Әппақ тас,
Қатты тас,
Тәтті тас.
Шақпақ қант

Бәрі, бәрі тұйық,
Іші толы сұйық.
Жұмыртқа

Қар дейін десем,
Қап-қатты.
Тас дейін десем,
Тәп-тәтті.
Қант

Сауытын шештім сақтанған,
Көрінбеді ақ тоннан.
Ақ тонын да шешіп ем,
Сары тон шықты ішінен.
Сары тонын шешіп ем,
Түк таппадым ішінен.
Жұмыртқа

Ақ сандық айналадан тауып алдым,
Ішінде не бар, не жоқ таба алмадым.
Жұмыртқа

Күрең қызыл түсі бар,
Тағамдардың асылы,
Қуат берер күші бар.
Таба нан

Сусында да сусын бар,
Отқа түсіп қанығар.
Ақ қатығы тағы бар,
Онсыз басың ауырар.
Сүт шәй, қаймақ

Алға жайып тұз-дәмiн,
Келтiредi үй сәнiн.
Ол халқымның ақ жаны,
Жақсы дәстүр маржаны,
Кеңпейiл де арайлы,
Осы жерден тарайды.
Дастархан

Сұйық едi аппақ,
Бауырдай боп қатыпты,
Iшсең дәмi тәттi ақ.
Айран

Есiгi жоқ,
Тесiгi жоқ,
Ақ доптың iшiнде,
Несiбi көп.
Жұмыртқа

Ақ қиыршық еритiн,
Ас жоқ одан жеритiн.
Тұз

Дәмін таттсаң –тәтті-ақ,
Түсін көрсең- әппақ.
Қант

Он екі қысырағым бар:
Екеуі - жуан буаз,
Екеуі - күмән буаз,
Екеуі - анық буаз.
Екеуі - танық буаз,
Екеуі - жіңішке қысыр,
Екеуі - ат қысыр.
Екі ортан жілік, екі тоқпан жілік, екі асықты жілік, екі қары жілік, екі жанбас, екі жауырын

Алтынын алып,
Әбдіресін лақтырдым.
Жілік

Тоғай іші толған жұмбақ,
Ақын жігіт айтқан жұмбақ,
Шешен қатын шешкен жұмбақ.
Қойдың ішек-қарны және оны аршу

Абылқайым айтқан жұмбақ,
Айналысып жатқан жұмбақ.
Ішек-қарын

Есікте жасауыл бар екі қатар,
Барғанда ұрып-соғып қан қақсатар.
Ол адам жәбірленіп тұрғанында,
Біреу кеп ар жағынан әрі тартар,
Алып барып онан соң қинап жанын.
Кездіріп талай өзен сайдың бәрін,
Ләззатын сол сайлары алып қалып,
Шығарып тастайды екен ғазиз тәнін.
Тамақ, асқазан

Мал төлдеп,
Әр ауыл
Пісірді ақ бауыр.
Уыз

Бір дария қайнайды екен көбік атып,
Ішінде жайын да жүр мехнат тартып.
Өткелі бар, дарияның аралы жоқ,
Келе ме білсе жайын оған қайтып.
Қазанда асқан ет

Қызартып салдым,
Бозартып алдым.
Қазанға салынған ет

Секірме тастың үстінде
Сексен қойдың ізі бар.
Леген үстіне жайылған құрт

Ағарып кіреді,
Қызарып шығады.
Нанның тандырға кіріп шығуы

Аппақ қана домалақ,
Жейді сыртын тазалап.
Жұмыртқа

Пісірсең ас болады,
Пісірмесең құс болады.
Жұмыртқа

Есіксіз, түндіксіз отау.
Жұмыртқа

Әуеден ұшқан біл дейді,
Білдің бауыры зіл дейді,
Тіріден өлі шыққан
Ақылың болса біл дейді.
Жұмыртқа

Судан шығар жарқырап масаттанып,
Тіл шықса дүниені қылар жарық.
Қайтадан суға түсе ғайып болар,
Адамзат керек қылар рахаттанып.
Тұз

Бір нәрсе зында деген онан да әрі,
Жауады бұршақ-бұршақ оның қары.
Сол қары көк соқта боп ерігенде,
Үміткер татайық деп жанның бәрі.
Елеген ұн, иленген нан

Бір жансыздың қаны бар,
Тіл үйірген дәмі бар,
Шөлдесең іш, қанып ал.
Кесе мен шай

Ең мықты дәрі,
Жұрттың бәрі.
Аусап ішер,
Бал татыр дәмі,
Ненің нәрі?
Шұбат

Аппақ сұйық,
Қалса ұйып,
Шөлің қанады,
Ішсең құйып.
Сүт пен айран

Мал киімі ысталған,
Дәмі дәмді ұсталған.
Мес

Тері құдық қауғасын,
Тарттым да,
Қанып іштім дәмді асын.
Саба

Аппақ су — дәмі тәтті,
Ішсең сусын қандырады,
Шөлдегенде қатты.
Қымыз

Көлікпен түздің,
Ащы тас сүздім.
Тұз

Тісі жоқ кемпір-шалдардың
Таптырмайтын асы.
Тісі бүтін жандардың
Алдында төмен бәсі.
Талқан, жарма

Тобатайға құртымдай,
Жаз бойы бiр тынбай.
Жинаған гүл сөлiн,
Не?
Бiлсең, айтшы өзiң?
Араның балы

Әжем уыстап сығып,
Далада кептiрген.
Қатты әрi тәттi дәмiн,
Кiм бар жеп көрген?
Құрт

Шиге жайып кептірген,
Өзі қышқыл, түсі ақ,
Сорсаң дәмді, түсі ақ,
Жаңғақтай-ақ домалақ.
Құрт

Алыстан қарасам аппақ,
Татып қарасам тәтті-ақ.
Қант

Мұз сынды түрi,
Тәттi дәмнiң бiрi.
Науат

Ұрмай-соқпай жылатады,
Әркiм бiрақ ұнатады.
Пияз

Бұтақта ілініп тұрамын,
Піскенде себетке құладым.
Жеміс

Білсең айтшы, нендей қу,
Жесең аузың ду-ду.
Бұрыш

Есігі жоқ,
Тесігі жоқ,
Ақ доптың ішінде,
Несібі көп.
Жұмыртқа

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу
Пікірлер 3
  1. Оқырман Гуля
    Оқырман Гуля 28.10.2022 22:39
    3 + 3 -
    Ж Ұ М Б А Қ .
    Төрт түлік мал өсірген Қазақ халқы,
    Қонақ күтіп, сыйласу басты салты.
    Үш "Е"-- сі бар әріптен құралатын,
    Ұлтымызда бұл қандай тағам аты?
    1. zharar2022
      zharar2022 29.10.2022 00:49
      3 + 0 -
      қызықты екен, кім біледі?
    2. Оқырман Фарида
      Оқырман Фарида 01.11.2022 17:14
      3 + 3 -
      Жауабы:Ежегей